Экологиялық міндеттемелердің орындалуы маңызды

849

0

Өткен жылы облыс әкімдігі мен облыстық ҮЕҰның альянсы ассоциациясы арасында «15» экологиялық ҮЕҰ клубы жобасын жүзеге асыру үшін әлеуметтік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Меморандум аясында «Достық үйінде» «Қызылорда облысындағы экологиялық бағыттағы ҮЕҰның әлеуетін арттыру арқылы әлеуметтік диалогты ұйымдастыру: жоспар мен нәтиже» тақырыбында қорытынды конференция өтті. Конференцияға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.

ҮЕҰ өкілдері жиылған іс-шарада облыстағы бірқатар экологиялық мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Бүгінде мұндай проблемалардың шешілуіне үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы бар.

̶ Өздеріңіз білетіндей Сыр өңірі континенталды аймақта орналасқан. Негізгі бөлігі Тұран ойпатында. Шығысында Қаратау, солтүстік батысында Арал, оңтүстік батысында Қызылқұм орналасқан. Бізде Арал теңізінің тартылуына байланысты күрделі экологиялық ахуал қалыптасқан. Сол себепті тұрғындардың салауатты өмір салты тұрақталған ортада өмір сүруіне және облыста таза экологиялық орта қалыптастыруға жағдай жасау – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Осы жоба аясында бірлескен түрде жұмыс істейміз деп сенемін,  ̶  деді М.Қазбекова.

Жоба облыстық ҮЕҰ-ның альянсы ассоциациясы «Еуразия» қоры өкілдігінің қайтарымсыз көмек бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық Даму Агенттігінің (USAID) қаржыландыруымен ұйымдастырылды. Клубқа экологиялық бағыттағы жұмыста тәжірибесі және әзірленген бастамалары, жобалық ұсыныстары бар үкіметтік емес ұйымдар кірді.

Өңірде бірқатар экологиялық мәселелер ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде оң шешімін табуда. Іс-шарада ассоциация төрағасы Анар Ізден экологиялық клуб жұмысын ұйымдастыру стратегиясына, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнакүл Баймаханова, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, «Қызылорда облысы әйелдер ақпарат орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Айымхан Молдахметова және облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Қайсар Бектібаев баяндама жасады.

Жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар тізіміне енгізу үшін экологиялық жобаларды әзірлеу, ҮЕҰ жетекшілерінің арасынан аудиторларды оқыту, шағын және орта бизнестің экологиялық міндеттемелерінің орындалуы бақылауға алынды. Сондай-ақ, 1000 мемлекеттік қызметші арасында экологиялық бағдарламалар бойынша біліктілігі мен құзыреттілігін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Аймақтағы экологиялық ҮЕҰ-ның танымалдығы мен маңыздылығын арттыру және «15» экологиялық бейресми клубын құру арқылы олардың жұмысына көмек көрсетілді. Облыстағы 12 шағын және орта кәсіпкерліктің экологиялық міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізіліп, www.npokzo.kz веб-сайтында экологиялық парақша ашу арқылы БАҚ-пен ынтымақтастық орнату басты назарға алынды.

Конференция соңында ҮЕҰ-ның экологиялық бағыттағы жобаларына қолдау көрсету, «Экомектеп» шарасын жандандыру, ағынды суларды тазартып, аяқсу мәселесін шешу, мектептер мен балабақшаларда экологиялық сабақтар санын көбейту, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, оған ҮЕҰ мүшелерін тарту және экологиялық бағытта тәлімгер-тренерлерді қолданыстағы халықаралық бағдарламалар бойынша оқытудың нақты шараларын қабылдау сынды ұсыныстар айтылып, шешу жолдары талқыланды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<