Экономикалық қылмыс – дамуға кедергі

314

0

Қоғамға, азаматтарға  аса зор материалдық  нұқсан келтіретін  экономикалық қылмыстар  өте қауіпті. Қазіргі кезде ол кең тарап, жаңа форматта өрбуде. Бұл ретте  қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеруде облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірқатар жұмыс атқаруда.

Мәселен, осы жылдың І тоқсанында  27 іс анықталып, оның 11-і өндіріспен аяқталған, яғни 6 іс сотқа жолданып, 5 іс ақталмайтын негізде тоқтатылған.

Мемлекетке 620 млн теңге көлемінде залал келтіріліп, 455 млн теңгенің мүлігіне тыйым салынған. Сондай-ақ қаржылық тергеп-тексеру барысында 47 млн теңгенің мүлігі анықталып,  тыйым салу жұмыстары жүргізілген.

− Аймақта құқықбұзушылықтың тіркелуі алдыңғы жылдарға қарағанда төмендеген. Бірақ бұл – қылмыс азайды деген сөз емес. Қазір біздер саннан гөрі сапаға көңіл бөл уұстанымымен жұмыс жасаймыз, яғни, залал мөлшері көлемді (50 млн-нан жоғары)  және бұған дейін жедел іздестіру шаралары толық жүргізілген қылмыстық істерді анықтауға басымдық беріледі. Аса ірі емес құқықбұзушылықтар бойынша материалдар қаржы органдарына тексеруге ұсынылып, салықтық әкімшілендіру шеңберінде қарастырылады.

Сондай-ақ департамент қылмыстық істерді 100% электронды форматта тіркеп аяқтайды. Барлық басым бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, нәтижесімен жыл басынан бері 19 қылмыстық іс тіркелді. Осылайша есептік кезеңде залал мөлшері 252 млн теңгені құрайтын 58 автокөлік құралын заңсыз тіркеу фактісі анықталды. Сонымен қатар, мемлекеттік жеңілдетілген несиені заңсыз алу және алаяқтық деректері анықталып, сотқа дейін тергеу жүргізілуде, − дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Арман Жанәділов.

Бүгінде  департамент ҚР ҚМА-ның қолға алған «Бизнесті қорғау» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізуде. Бұл жоба өз ісін жауапкершілікпен және адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, құқықтық қудалауға ұшырауы мүмкін азаматтардың санын азайтуға бағытталған. 

Жыл басынан бері азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілері орын алмаған.

− ҚМА, ҰҚК, ІІМ және прокуратураның бірлескен бұйрығы негізінде жедел және тергеу кабинеттері видеокамерамен жабдықталған, бұл − барлық тергеу әрекеттерінің заң аясында жүргізілетінінің негізгі кепілі. Мұндай қадам қызметкерлер немесе қылмыстық процеске қатысушы тарапынан заңсыз әрекеттердің алдын алуға немесе болдырмауға мүмкіндік береді, − дейді Арман Барысханұлы.

Қалтаны қаққан қаржы пирамидасы

Қоғамның алаңдаушылығын туғызған мәселенің бірі – қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың қарқын алуы. Елімізде түрлі форматтағы алаяқтық жобалар көбейіп барады. Бүгінде олар жұмысын әртараптандырып үлгерген. Сондай қаржы пирамидасының бірі – «Qnet». Қанша уақыттан бері елімізде жұмыс жасап, халықты қарызға батырған бұл пирамиданы көбі білсе де, құрығына түскендер қатары азаймай тұр.

Бұл ретте  Қызылордада «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесі ұйымдастырған ағайынды екі азамат ұсталып, 5 жыл мерзімге сотталды. Олар құрылымдық бөлімшені облыс аумағында 2020-2021 жылдар аралығында  құрған, қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке тартылған қаражатты пайдаланбай, осы активтерді қайта бөлу және басқа қатысушылардың жарналары есебінен байыту жолымен ұйымдастырып отырған.

Аталған қаржы пирамидасынан 40 салымшы зардап шеккен. Шығын көлемі 53 млн теңгені құрайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген шығын салымшыларға  толық қайтарылған.

Сондай-ақ жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері «Кибернадзор» жүйесі арқылы 185 сілтеме бұғатталды, 5 аккаунт жойылды.

Қоғам дерті – құмар ойын

Жарнамасы мықты, ұсынысы көз қызықтырып адамдарды жолдан тайдырып отырған әрекеттің бірі – заңсыз құмар ойындар. Түрлі форматтағы қаржылық алаяқтық жобаларының және заңсыз ойын орындарының құрығына ілігіп, қаражатынан айырылып, отбасы мен ортасының берекесін кетіріп жүрген жерлестеріміздің саны ондап, жүздеп, мыңдап өсіп барады.

Мысалы, департамент 600 млн теңге көлемінде банктің ақшасын жымқырған екінші деңгейлі банктің қызметкеріне қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдаған.

Тергеу барысында ұрланған ақшаның басым бөлігі құмар ойындар мен онлайн казиноларға жұмсалғаны анықталып отыр. Ол өз атынан тіркелген логиннің есепшотына бір ғана букмекерлік сайттың өзіне 160 млн теңге көлемінде ақша салған.

− Құмар ойынның құрбанына айналмаудың бірден-бір жолы − алдын алу жұмыстарын жүргізу. Департамент халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, құмар ойынның құрбаны болудың алдын алуға, күмәнді қаржылық пирамидалар мен ойындарға қатысудан бас тартуға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырады.

Сондай-ақ кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде заңсыз ойындар ұйымдастыру үрдісі өсуде. Биыл заңсыз ойын бизнесі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді. Атап айтатын болсақ, аймақ тұрғыны «Instagram» әлеуметтік желісінде тікелей эфирде бәс тігушілердің қатысуымен ойын ойнайды. Одан түскен заңсыз кіріс 13 млн теңгеден асты. Қылмыстық іс сотқа жолданды, − дейді  облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы.

Айта кету керек, кейінгі 2 жылда департамент өндірісінде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 23 қылмыстық іс тіркеліп, 22 ойын орны жабылған.

− Құмар ойынға деген тәуелділік – қазақ қоғамына дендеп бара жатқан дерт. Бұл ретте біздер жергілікті «Qyzylorda» және «Қазақстан» ұлттық телеарнасымен бірлескен бірнеше талдау материалдарын жасап, оған ойынқұмарлықтан, ішімдіктен зардап шеккен кейіпкерлерді, психолог-дәрігерді қатыстырдық. Мұндай шаралар адамға ой салады, оң нәтижесін береді деген мақсатпен жасалып отыр. Сондай-ақ департамент қызметкерлері құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жасауда. Білім беру, мектепке дейінгі оқу орындарында және ірі кәсіпорындарда қаржылық сауаттылық тақырыбы бойынша үнемі сабақтар жүргізіледі. 

Сонымен қатар облыстағы көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, қауіп-қатерлерді жою және туындаған мәселелерді шешу мақсатында департаменттің бастамасымен облыс әкімдігі жанынан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия кұрылды. Комиссия құрамына барлық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қосылды. Бұл комиссия аймақтың ерекшелігіне байланысты түйткілді мәселелерді қарайтын болады. Алғашқы кездесуді жақын арада өткізу жоспарлануда, − дейді департамент басшысының міндетін атқарушы.

Жазадан − алдын алуға

Бүгінде департамент жұмыс бағытын жазалаудан превенцияға қайта бағдарлап отыр.

Бұл ретте департамент  «Қызылорда-Ұлытау облысы шекарасы» (216 шақырым) көлік жолын қайта жаңғырту жобасына қашықтан талдау жүргізіп, нәтижесінде 1,5 млрд теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін анықтады.

− Аталған деректер бойынша, «Қазавтожол» АҚ-на және облыстық әкімдікке, жол құрылысының сапасын бақылауға алу туралы хаттар жолданды.

Уақытында қабылданған шаралар нәтижесінде жоба құнының негізсіз өсуіне жол берілмеді (жоба құны 70 млрд теңге), Ұлытау облысындағы осы тектес жобаның құны 90 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін, яғни 50 млрд теңгеге қымбаттады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, тұрақты мониторинг жүргізілуде, − дейді Е.Қасқырбайұлы.

Департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және қадағалау. 

Облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия ай сайын жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік тауарларына (күріш, тұз) бағаны негізсіз көтеру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуші делдалдардың бағасын қадағалайды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату барысындағы үстемесін асыру бойынша 4 факті анықталған. Асырғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік органдарда сатып алу кезінде өнімсіз делдалдарды жоюдың оң тәжірибесі бар, 3 мемлекеттік мекемеде 11 өнім бойынша 6 делдал алып тасталып, нәтижесінде баға төмендеп бюджет қаражаты 6 млн теңгеге үнемделді.

− Өздеріңіз білетіндей, еліміздің 10 өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы мониторингі агенттігі еліміздің 3 өңірінде селден қорғау бөгеттерін ұстауға және өзен арналарын кеңейтуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Осыған сәйкес біздің департамент облыста су тасқынына қарсы іс-шараларға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізіп жатыр. Талдау қашықтан, бизнес қызметіне араласпай жүргізілетінін түсіндіргім келеді, − дейді А.Жанәділов.

Экономикалық қылмыстарды әшкерелеу ұзақ уақытты талап етеді. Қаржы саласындағы заң бұзушылықтардың көлемін анықтау мен растау барысында өзге қаржы органдарының (аудит, салық, т.б.) мәліметтері күтіледі. Қылмыстың ашылуы, залалдың мемлекетке қайтарылуы, тергеу сапасы, қылмыстық процесстерге қатысушылардың конституциялық құқығының бұзылмауы секілді критерийлер бойынша нақты меже мен мерзім бекітілген. Сондықтан экономикалық қылмыстардың ашылуы және залалдың қалпына келтірілуі бойынша жылдам нәтиже күту қиын. Қалай десек те экономикалық қылмыстың алдын алуда департаментке артылатын жүк ауыр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<