Экономиканы әртараптандыру – маңызды міндет

200

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт-бағдары айқындалды. Саяси құжат мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бағдаршам болары анық.

Президент дамыған елдер қатарында болу үшін саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керектігін айтады. Шындығында, бұл жұмыстарды түбегейлі әрі жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру керек.

Рас, Қасым-Жомарт Кемеұлы айтқандай, қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Оны күнделікті ресми ақпараттардан естіп-біліп отырмыз. Елдегі жұмыс қарқынын көрсетсе керек, қазір экономикамыздың негізгі бағыттары бойынша жақсы көрсеткіштер  де жоқ емес.

Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңгеге жеткен. Оның үстіне елімізге 28 млрд доллар тікелей шетелден инвестиция тартылған. Әрине бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық та 136 млрд долларға жеткен. Оның 84 млрд доллары экспорттың үлесінде. Сыртқы қорымыз 100 млрд долларға жуықтады.

Қазір барлық жерде ресурстар үшін талас жүруде. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму тағысын тағы ең өзекті мәселеге айналды. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған түбегейлі өзгерістер кезеңі басталған сияқты. Бірақ біз соның бәріне дайын болуымыз керек.

Осындай өзгерістерге толы әлемде еліміздің экономикалық серпіліс жасауға мүмкіндігі бар. Оны Жолдауда Президент те айғақтай түсті. Мәселен, бізге кезең-кезеңімен жаңа экономикалық үлгіге көшу керек. Сондай-ақ осы мақсаттағы жұмыс та қарқын болуы тиіс.

«Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақмерзімді мақсат қоюға болмайды» деді Президент.

Осы тұста Мемлекет басшысы Жолдауда айтылған міндеттің бәрі үш жылда орындалуы тиіс екенін баса айтты.

Саяси құжатта еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуі керектігі айтылды. Әлбетте бұл мақсатқа жету үшіне алдымен өңдеу саласын жедел дамытуға мән беруіміз керек. Себебі, экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналды. 

Жалпы Жолдауда мемлекеттің бағыт-бағдары айқындалды. Ондағы барлық мақсат елдің өркендеуіне, тәуелсіз мемлекеттің жарқын болашағына негізделген. Алдағы үш жылда оның бәрі жүзеге асса, халықтың тұрмыс сапасы артып, мемлекетіміздің келешегі кемел болары анық. Әлбетте оны жүзеге асыру тек белгілі бір құзырлы органдардың немесе сала басшыларының ғана міндеті емес, баршамыз мақсат-міндеттердің орындалуына жауаптымыз.

Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұжымы, өз қызметі  бойынша туындайтын тиісті жұмыстарды уақытылы және сапалы атқаратын болады.

                                                                          Ә.Дүйсенбаев

                                                                            облыс бойынша

                                                              қазынашылық департаментінің

                                                                                  басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<