Эссе жазып, грант ұтып ал: «Сәтті Жұлдыз» болашақ технократтардың оқу ақысын төлеп береді

575

0

Көп балалы отбасының тұңғышы Ескендір Жұбатыров IT саласында жақсы білім алуды қалаған. Ата-анасымен артынан ерген іні-қарындастарына ауыртпалық түсірмес үшін оған жоғарғы оқу орнына грантқа түсу маңызды болған. Былтыр мектеп бітіргеннен кейін ол «Сәтті Жұлдыз» компаниясы ұйымдастырған әлеуметтік байқауға қатысып, өзі қалаған университетке грант ұтып алған. Бұл байқау биыл да қайта жалғасады. Stan.kz тілшісі Ескендірмен тілдесіп, компания ұсынған 10 гранттың бірін қалай ұтып алғанын, алдағы жоспарын сұрады.

Ақтөбелік Ескендір Жұбатыровқа «Сәтті Жұлдыз» гранты туралы анасы айтып, оның көп балалы отбасы мүшесі ретінде үміткер бола алатынын түсіндіріп, қатысып көруге ұсыныс тастаған. Мектепті жаңа бітірген талапкер бірден келіскен.

«Байқау талабы бойынша өзіме гранттың не үшін қажет екендігін түсіндіріп, эссе жазуым керек болды. Мен өзімнің үлкен отбасым туралы жаздым. Артымнан ерген ініммен 2 қарындасым барын жаза кеттім. Өзімнің программист мамандығын таңдап, әртүрлі бағдарламалау тілдерін үйреніп, осы саланың мықты маманы болғым келген.

Болашақта Google немесе Facebook сынды халықаралық ірі компанияға жұмысқа тұрғым келеді. Бірақ ол үшін жақсы білім алуым керек. Мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін таңдадым. Осының бәрін жазып, қажетті құжаттарды тіркедім. Бір аптадан кейін мектептен хабарласып, грант ұтып алғанымды айтты», – деп қуанышымен бөлісті жеңімпаз.

Қазіргі таңда Ескендір «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының бірінші курсын аяқтады. Оның төрт жылдық оқу ақысын «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясы төлеп береді.

«Мен грант ұтқанымды естігенде қатты қуандым. Ата-анам да мені мақтан тұтатындарын айтты. Себебі отбасым үшін бұл үлкен көмек. Жылына 600 мыңнан астам теңгені менің оқуыма төлеу керек еді. Грант төрт жылға берілгендіктен, барлық ақшаны компания төлейді.

Барлық қатысушыларға қорықпай, конкурсқа қатысып көруді ұсынамын. Эссе жазғанда шынайы өз өмірің мен армандарың туралы жазған дұрыс», – деп ой бөлісті грант иегері.

Ескендір секілді грантқа ие болу үшін бар болғаны бірнеше талапты орындау керек. Алдымен «Неге дәл мен грант иегері болуым керек?» деген тақырыпта эссе жазып, оны granty@szhuldyz.kz адресіне жіберу қажет. Хат жібергенде қосымша бірнеше құжатты қосасыз:

  • Мектеп бітіргені туралы аттестат;
  • ҰБТ сертификаты;
  • Жеке куәлік;
  • Үміткерлер тобына жататыныңызды дәлелдейтін құжат.

Бұл әлеуметтік байқау болғандықтан, оған техникалық мамандықта оқуды қалайтын, алайда оқу ақысын төлеуге қиналатын әлеуметтік осал топқа жататын үміткерлер қатыса алады. Нақтырақ айтсақ:

  • Жетім балалар;
  • Мүгедектігі бар балалар;
  • Көп балалы отбасынан шыққан балалар;
  • Толық емес отбасынан шыққан балалар;
  • Аз қамтылған отбасынан шыққан балалар;
  • Жоғары балл жинап, алайда грантқа түсе алмай қалған балалар;

Айта кетейік, 10 грант Қазақстандағы өңірлік техникалық жоғарғы оқу орындарында білім алуға беріледі. Үміткерлер арасында үздіктерді «Сәтті Жұлдыз» компаниясының қабылдау комиссиясы 2023 жылдың 15 тамызында таңдайды. Жеңімпаз өңірлік университеттердің біріне жолдама алып, оқуын бастап кетеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<