Кәсіп ашсаңыз, қолдау бар

340

0

Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Биыл әртүрлі көздерден 23 млрд теңгедей қаржы қарастырылып, 2 мыңға жуық жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары  Азамат Каюпов айтты.

Аймақта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып, ауыл тұрғындары мен жастардың бастамаларын жеңілдікпен несиелендіру басталды.

– Облыста жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлер саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685-ке жетті. Салада жұмыспен қамтылғандар саны да 18 пайызға артты. Бүгінде экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді, – деді Азамат Каюпов.

Облыста шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 18,3 пайызға жетіп отыр. Ұлттық жоба аясында бизнестің 12,9 млрд теңгені құрайтын 484 жобасы субсидияланған. Шағын бизнестің 723 жобасы 9,3 млрд теңгеге несиелендіріліп, жас кәсіпкерлердің 316 жобасын 2 млрд теңге шамасында қаржыландыру мақұлданды.

– Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтардың 722 жобасына 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мемлекеттік гранттар табысталды. Бұдан өзге, өңірде шағын өнеркәсіп парктерін құру қолға алынды. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд, жергілікті бюджеттен 100 млн теңге қаражат қарастырылуда, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары саланы мемлекеттік қолдаудан бөлек, салықтық ынталандыру шаралары да қоса атқарылып жатқанын атап өтті. Биыл бөлшек сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге бөлшек салық режимін қолдану мүмкіндігі берілді. Режим қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатуды, сондай-ақ айналымнан 4% табыс салығын төлеуді қамтиды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<