Кәсіпкерлер қамқорлығы

583

0

Жалағаш ауданында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында Жалағаш кенті, Дәуімбай учаскесінде 10 несиелік тұрғын үй салынуда. Жалпы жоба құны 115,4 млн теңгені құрайды.

Құрылысты салуға об­лыс­тық бюджеттен 91 млн теңге, жергілікті бюд­­жеттен 3,6 млн теңге бөлініп, мамыр айында жұмыс бас­талды. Бұл тұр­ын үйлер жер учаскесін алу кезегінде тұрғандарға «Қа­зақстанның тұрғын-үй құ­ры­лыс жинақ банкі» АҚ арқылы 14-15 жылға несиеге беріледі. Бүгінгі таңда тұрғын үйдің болжамды бағасы 7,8 млн теңге болып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1 шаршы метрі 120 мың теңге, яғни, үйді сатып алушыдан банк алғашқы жарнасын (болжам бойынша 1,6 млн теңге) талап етеді. Осы салынған үйлердің бірі Ақсу ауылының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Орынбек Шаймағанбетовке та­быс­талды.

Аудан әкімі Асылбек Шәменов:

– Орынбек Шаймаған­бе­тов­тың қиын тағдырынан сырттай хабардар едім. Бір күні өзі қабылдауыма келіп, көмек сұрады. Мен оған осы тұрғын үйлердің салынып жатқанын айттым. Ол да қызығушылық танытты. Дегенмен, қаржылай мүм­кіндігі жоқ еді. Осы орайда аудан кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, жаңа үйді сатып алып берді, – деді.

Тағдырдың ауыр сынына ұшыраған Орынбек биыл 44 жаста. Жұбайы да жол апатына түсіп, жарымжан болып қалды. Қызы мен ұлы – студент. Бір кездері олар қолөнермен айналысып, кәсіпке бет бұрған еді. Ал қазір жұмыссыз.

Қуаныштан көзіне жас алған Орынбек ауданның атымтай жомарт азаматтарына алғысын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<