«Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында республикалық жоспар бекітілді. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Бұл бағытта облыс орталығындағы М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде ауқымды істер атқарылмақ. Биыл жас мамандар даярлайтын білім ұясына жетпіс жыл толады. 2014 жылы оқу ордасына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың есімі берілді.
Колледж директоры Бектұр Қалидың айтуынша, қазір мұнда шәкірттер 10 мамандық түрінен 13 біліктілік бойынша білім алады. Олардың арасында электр газымен дәнекерлеуші, автомобиль жөндеу шебері, техник-механик, химиялық талдау зертханашысы, қазандық жабдығы бойынша қараушы-машинисі, қазандық және дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь секілді мамандар дайындалады. Сондай-ақ автомобиль жолдары, аэродромдар құрылысы және пайдалану бойынша техник-механик, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, аспазшы және электромонтер секілді кәсіп иелері әзірленеді.
– Байқасаңыз, бұл мамандық түрлерінің барлығы қазір зор сұранысқа ие. Сондықтан жұмысшы мамандықтар дайындау ісінде сапаға ерекше мән береміз. Қоғамда жастардың көпшілігі жоғары білім алуға ұмтылатын үрдіс байқалады. Дегенмен жұмысшы мамандықтарға сұраныс ешқашан төмендеген емес. Әсіресе, кейінгі уақытта сұраныс өсіп отыр әрі жаңа кезеңнің талаптарына сай білікті маман дайындаудың талабы күшті. Жақсы маман жерде қалмайды. Кейбір жұмыс берушілердің ұсынған жалақысы өте жоғары. Мұны елекке салып, еңбекке ынталы жастардың құлшынысы арта бастады. Мәселен, 2023 жылы колледжге 142 түлек түссе, былтыр 148 жас құжат тапсырды, – дейді колледж директоры.
Жастарды қазіргі талапқа сай келмейтін бұрынғыдай құрал-жабдықпен қызықтыра да, ынталандыра да алмайсың. Мұны оқытушы-шеберлер жақсы түсінеді. Колледжде газ-электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша тәлім беретін Батырбек Жүзбембетов кезінде материалдық-техникалық қиындықтар болғанын жасырған жоқ. Қаржы мәселесіне байланысты кейбір құрал-жабдықтарды алуға қол қысқа еді. Қазір шеберлігін жетілдіремін деген әрбір жастың оқу орнынан жақсы маман болып шығуына мүмкіндік бар.
– Айталық, газ-электрмен дәнекерлеу ісі шеберлікті қажет етеді. Озық құралды шебер пайдалана алу керек. Шеберханада тұрған құрал-жабдықтың барлығыдерлік кейінгі жылдары алынды. Аймақтағы өндіріс орындарында осындай аппараттармен жұмыс жасайды. Сол себепті бізде білім алған жастар еңбек етіп жатқан ұжымдарында ешқандай қиындыққа тап болған жоқ. Өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты сапалы орындайды, – деді ол.
Қазір құрылыста озық үлгідегі техникалар пайдаланылады. Біз колледж ауласында кран, жер тегістейтін, қазатын трактор және өзге де көліктердің тұрғанын байқадық. Осының бәрі жас мамандарды дайындауға қызмет етеді. Тіпті, алғыр, іске қабілетті жастар тәжірибелі мамандардан кем түспейді екен.
– Колледжде бірқатар кәсіпорындармен меморандум жасалған. Олардың қатарында «Қызылордажылуэлекторорталығы» МКК, «Дорстрой», «Квант», «Мелиоратор», «Мұраптехсервис», «Нұрторгстрой», «Промстройсервис Е», «Хан», «Энергосервис» ЖШС секілді іргелі мекемелер бар. Барлық жұмысшы мамандықтар бойынша грант қарастырылған. Оған түскен жастардың барлығы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады. Колледждің білім алушыларына үш әлеуметтік төлем жүргізіледі. Мемлекет тарапынан шәкіртақы, ыстық тамаққа ақша беріледі. Оған қоса ауылдық жерден оқуға түскен білім алушылар үшін қалааралық қатынас (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз етуге сәйкес жылына екі мәрте өтемақы төленеді. Сондай-ақ білім алушыларға жатақхана қарастырылған, – деді Б.Қали.
Колледж түлектері арасында жеке кәсіппен айналысып жүргендер бар. Мәселен, электр газымен дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алғандар арасында халыққа қажетті көптеген бұйымдарды шығарып жатқан мамандар қатары көбейген. Ал кейбір түлектер көлік жөндеу шеберханасын ашып, кәсіпті нәсіп етуде.
Айта кетейік, колледж 2021 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан ұйымдастырылған «Жас маман» жобасына қатысты. Нәтижесінде мұнда автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштерді, инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану, жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану мамандықтары бойынша шеберханалар жабдықталған. Сонымен қатар «Көлік жөндеу» орталығын ашуға мүмкіндік тапты. Кадрларды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу, бағдарламаларды жаңартуға негіз қалады. Алынған жабдықтардың барлығы орнатылып, шеберханалар толықтай жабдықталды. Жабдықтаушы мекеме мамандарынан инженер-педагогтерді оқу курсынан өтіп, сертификатталды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<