Карантиндік нысандарды қалай анықтаймыз?

516

0

Өмірімізді күнделікті қолданатын адам ағзасына пайдалы дәрумендерге бай көкөніс, жеміс-жидексіз елестету мүмкін емес. Сауда нысандарына жеміс-жидек, көкөніс сатып алу барысында ең бірінші оның сыртқы пішініне, тазалығына мән береміз. Сыртқы пішінінде, жапырақтарында түрлі зақымдану белгілері болса, өнімнің зиянды организмдермен зақымдалғаны анық. Карантиндік өнімдердің ҚР аумағында шектеулі таралған карантиндік зиянды организмдермен зақымдалғаны анықталған жағдайда оларды жою мақсатында күрес шаралары жүргізілуі тиіс. Себебі олар қоршаған ортаға айтарлықтай зиян әкелуі мүмкін. Ең алдымен карантиндік өнім және карантиндік нысан деген ұғымдарға тоқталып өтсек.

Карантинге жатқызылған өнiм – карантиндi нысанды тасығыштар болуы және олардың таралуына әсер етуі мүмкін. Карантинге жатқызылған өнiм тізбесіне енгізілген және оларға қатысты карантиндік фитосанитариялық шаралар қабылдау қажет болатын өсімдіктер, өсімдіктен алынатын өнім (көкөністер мен жеміс-жидектер), ыдыс, орам, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар.

Ал карантиндік нысан – өсімдіктерге және өсімдік өніміне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, Қазақстан Республикасының аумағында жоқ немесе шектеулі таралған, Еуразиялық экономикалық одақтың карантинді нысандардың бірыңғай тізбесіне және (немесе) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне енгізілген өсімдіктер зиянкесі, ауруын қоздырғыш немесе арамшөп.

Жалпы ҚР аумағында шектеулі таралған 14 карантиндік зиянды организм болса, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 4 карантиндік нысан (өсімдіктер зиянкесі: қауын шыбыны, калифорниялық қалқанша сымыры, арамшөптер: сарышырмауық, кекіре) тіркелген.

Карантинге жатқызылған нысанды анықтау үшін сауда объектісінде, өкілінің қатысуымен методикаға сүйене отырып жұмыс жасаймыз. Визуалды түрде карантиндік нысан белгілері байқалған карантинге жатқызылған өнімді зиянды организммен зақымдалғанын анықтау мақсатында облыстық карантиндік зертханаға жолдау үшін бақылау-қадағалау актісін толтыра отырып, этикеткасын рәсімдеп, сейф пакетке (2 дана, біреуі сауда иесіне) салу арқылы үлгілер іріктеліп алынады.

Е.Әбішева, 

ҚР АШМ АӨК МИК-нің Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының

бас маман-өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<