Каска мен қақпаққа сұраныс жоғары

531

0

Он жылдай бұрын қызылордалық кәсіпкер Ғалым Прекешов басқаратын «NP-Consulting» ЖШС құрылыс саласына қажетті каска шығару ісін қолға алды. Бүгінде өндіріс орнында тәулігіне 500 қорғаушы каска шығаруға мүмкіндік бар. Оған қоса кәсіпкер жақында 19 литрлік су бөтелкесіне арналған қақпақ өндіруді қолға алды. Аталған өнімдерге тұтынушылар тарапынан сұраныс зор, еліміздің барлық өңіріне тасымалдануда.

– Бірқатар құрылыс компаниясымен келісім жасап жатырмыз. Сол себепті алдағы уақытта үш ауысымда жұмыс жасауды межелеп отырмыз. Жалпы  кәсіпорында еңбек ететін жұмысшы саны алған тапсырысқа байланысты өзгереді. Біз өндірген каскаларды құрылыс саласындағы барлық компания қызметкерлері киеді. Өнім сапасына 3 жылға дейін кепілдік бар. Жылдан-жылға өнім өндіру артып келеді. Былтыр 34 мың дана каска шығарылды. Бұл уақытта жұмысшылар саны 15 адамға дейін жетті. Қазір он шақты адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Маусымдық кезеңде жұмыс күші көбейеді, – деді кәсіпкер.

Өндіріс орнында тәулігіне 10 мыңға жуық қақпақ шығаруға мүмкіндік бар. Олардың 2 түрі дайындалады. Қызылордадан өзге атыраулық өнім өндірушілердің сұранысы толық қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, Ақтау және Жезқазған қалаларында тұрақты тұтынушылар бар. Қазір Алматы қаласында нарыққа шығып жатыр.

– Елімізде қақпақ шығару өндірісі әзірге бізден басқа ешкімде жоқ. Өнім бір мәрте қолдануға жарамды, оны жасауға полиэтилен материалы пайдаланылады. Адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Шикізатты негізінен Ресейден жеткізіп отырмыз. Өнімдер әзірше экспортқа шығарылмайды. Оның себебі де жоқ емес. Қажетті шикізатты негізінен шетелден тасымалдаймыз. Келешекте өнім құны арзанға түсіп жатса, көршілес Қырғызстан және Өзбекстанға жіберуге болады. Айта кетсек, 2014 жылы касканы Ресейдің Сочи қаласында өткен Олимпиада кезінде экспортқа шағын көлемде шығарған болатынбыз, – деді кәсіпкер.

Касканың ең төменгі бағасы 1365 теңгені құраса, ең қымбаты – 3500 теңге. Көршілес Ресейде каска шығаратын ірі кәсіпорындар бар. Әзірге еліміздің нарығында сол өнімдермен бәсекелесуге тура келеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<