Каспийде жоғалған балықшылардың бірінің денесі табылды

230

0

Фото: Маңғыстау облыстық ТЖД

Маңғыстауда құтқарушылар сәуір айының басында Түпқараған ауданының аумағында теңізде жоғалып кеткен балықшылардың бірінің денесі тапты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дінмұхаммед Пірімжан іздеу жұмыстары кезінде бір балықшының денесі табылып, іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«20 сәуір күні кешкі сағат 21:00-де Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласынан жиырма шақырым қашықтықта теңіз жағалауынан 400 метр жерден жоғалған азаматтың бірінің денесі жергілікті балықшылардың көмегі арқылы 5 метр терендіктен табылды. Қазіргі уақытта жоғалған екінші балықшыны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінмұхаммед Пірімжан.

Сәуір айынының басында Каспийде екі балықшының жоғалып кеткені туралы мәлім болған еді.

Кейін Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметі балықшылардың 1985 және 1982 жылы туған тұрғындар екенін мәлімдеді. Анықталған дерек бойынша жергілікті тұрғындар 2 сәуір күні кешкі сағат 22:30 шамасында үрлемелі қайықпен балық аулауға кеткеннен кейін қайтып оралмаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<