Кенеден қорғанған жөн

724

0

Көктем келіп, күн жылынысымен шыбын-шіркей, түрлі жәндіктер де оянып, жер бетіне шыға бастайды. Әсіресе, кене белсенділігі артатыны белгілі. Кене – көптеген жұқпалы ауруларды таратушы қауіпті жәндіктің бірі. Оның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бар. Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ – Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан табиғи ошақтар қатарында.

Аса қауіпті ауру саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 2021 жылы 12 дерегі тіркелсе, былтыр 20 науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланды. Аудандар бойынша айтатын болсақ, Сырдарияда 5, Жалағашта  4, Шиеліде  4, Жаңақорғанда 3, Қармақшыда 1 және Қызылорда қаласында 3 жағдай орын алған. Инфекцияны жұқтыру көзі ретінде барлық жағдайдың 45%-ы кене шағумен,  25%-ы мал күтімімен,  15%-ы ауылшаруашылық жануарларын союмен, 10%-ы науқасқа күтім жасаумен байланысты болған.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше,  аймағымызда биыл 106 елді мекен қолайсыз деп танылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 елді мекенге азайғанын көрсетеді, былтыр 116 елді мекен есепке алынған. Сәйкесінше, залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының екінші онкүндігінен басталады деп жоспарлануда.

– Бүгінгі күні ауыр жағдайдағы өтетін аурудың алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады.  Биыл қолайсыз деп танылған 106 елді мекенге залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының екінші онкүндігінен басталады деп жоспарланып отыр. Кенеге қарсы дәрілеу аясында 30824 мал қора, 0,68 шаршы шақырым жерді құрайтын буферлік аймақ және барлығы 556052  мал басы қамтылатын болады. Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалығын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова.

Бұдан бөлек, наурыз айының екінші онкүндігінен бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 5220 дана кене жиналған. Оның 443-і елді мекеннен, 696-сы ауылшаруашылық жануарларынан, 4048-і табиғаттан, 33-і ауру ошақтарынан. 559 кене зерттеумен қамтылып, оң нәтиже анықталмаған.

Биыл жыл басынан бері 46 адам кене шағумен медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 2 адамның дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылды, екеуі де – Шиелі ауданының тұрғындары. Алайда екі күдікті жағдайда диагноздары зертханалық жолмен нақтыланбаған. Сондықтан мамандардың консилиумымен диагноз өзгертілді.

–    Аталған аурумен көбінесе адамдардың белгілі бір кәсіби тобы ауырады, яғни, малшылар, егіншілер, фермерлер және табиғат аясында демалушылар шалдығады. Ауру кене шағу барысында және ауру кененің қаны арқылы тікелей жұғу қаупі өте жоғары. Он төрт күн ішінде науқаста ауру пайда болуы мүмкін. Ал белгілеріне тоқталып өтсем, адамда дене қызуы қатты көтеріледі, бас айналу, т.б. жағдайлары болады. Сондықтан көктемгі эпидмаусымда барынша сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.

Бүгінгі күні облыс бойынша медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және  т.б. қажетті құрал-жабдықтар қоры  жасақталды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, көктем келіп, күн жылынысымен кенелердің табиғатқа шығуы белсенді бола бастайды. Тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, КҚГҚ ауруын жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды. Осы орайда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары тұрғындардан мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдері мен қолғаптарды қолдануды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репелленттерді пайдалануды, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауын жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұрайды. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдағанда аса қауіпті аурудан сауығып шығуға болады.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен обаға қарсы күрес қызметі мамандарынан құрылған жұмысшы топ емдеу мекемелерінің аса қауіпті ауру тіркелген кездегі дайындық барысын, мамандар біліктілігін мониторингтеп, әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі семинарлар ұйымдастыруда. Сонымен қатар, елді мекен тұрғындарымен кездесіп, кене шаққан кезде, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажеттігі туралы тұрғындар арасында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізуде.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<