Кенеден қорғаныңыз!

554

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктем, жаз және күзде тіркеледі. Денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады. Мүгедектікке, уақытылы дәрігерге көрінбесе өлімге душар етеді. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене қызуы көтеріледі. Бүкіл денесі сырқырап, басқа да әртүрлі симптомдармен қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, биылға КҚГҚ ауруынан облыс бойынша 106 елді мекен қолайсыз болып танылды. Оларды кенеден залалсыздандыруға облыстық бюджеттен жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлініп, залалсыздандыру жүргізіліп келеді. Тұрғылықты халық аса қауіпті аурудың зардабын тартпау үшін бөлінген осы қаржыны тиімді әрі нәтижелі пайдалану мақсатында мал қораларының көң-қилары уақытылы алынып, механикалық-санитариялық тазаланып, жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет.

Былтыр облыс бойынша мал иелерінің өз қаржысы есебінен 177,4 мың бас малға кенеге қарсы ветеринариялық препараттар алдын ала егілді. Бұл препараттарды пайдалану үнемді әрі тиімді.

Ивермек – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға ірі қара, қой, ешкі, түйе мен шошқаға пайдаланылады. Түссіз немесе сарғыш болып келеді. Бұл дәрі құрғақ, қараңғы жерде 00С-пен 250С аралығында сақталуы керек. Флакон ашылған соң 24 күнге дейін ғана сақтап пайдалануға болады. Инъекциядан соң дәрі 10-14 күнге дейін белсенді әсер етеді. Ивермек 50 кг салмаққа 1 мл мөлшерде салынады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса ішкі құрылысындағы зиянды құрттарды жойып, малдың тез оңалуына септігін тигізеді.

Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенеден сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жең, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныш киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында аса сақтықпен денені, киімді кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыру керек.

Кене шаққанда өздігімен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмаса, жағдай тіпті нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған соң тұншығып, оны жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы – денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек.

Егер өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз міндетті түрде уақытылы дәрігерге көрініңіз.

Облыстық ветеринария басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<