Кеселмен күрестің сенімді жолы – вакцина

635

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді.

Президент еліміздегі күрделі эпиде­миялық ахуал жайында айтып, атқарушы органдардың жұмысын сынға алды.

– Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық ша­раларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда, – деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы – вакцина салу екенін атап айтты. Локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесіне қарасақ, мәселен, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінде, вакцина салдырудан көш басындағы елдерде туризм, сауда, мейрамханалар желісі, шағын және орта бизнес қайта жанданған. COVID-19 індетімен күресте Қытай Халық Республикасы айтарлықтай жетістіктерге жетті.

– Қытай әлемде алғашқылардың бір болып коронавирустың жаппай таралуын ауыздықтай алды. Осы елдің үлгісімен Азияның Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Сингапур сияқты елдері де пандемияға қарсы нақты іс-қимылдар жасады. Сондықтан бізге пандемияға қарсы күресте және вакцина салу кезінде Қы­тайдың осы ұтымды тәжірибесін ескерген жөн,– деді Президент.

Бүгінгі таңда елімізде 47 мыңдай адам ғана иммунитет қалыптастырудың толық курсынан өтті. 137 346 адам бірінші компонентті енді ектірген. Себеп – вакцина жетіспеушілігі. Президент вакцина сатып алу үшін маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бергенін, Үкімет «Спутник V» вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вак­цинацияны толық қамтиды деп сендіріп келгенін, Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған үндеуінде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын мәлімдегенін айтты.

– Өткен екі айда халықтың 0,1 процентіне жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Маған енді өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина алу жөнінде келісім жасауға тура келеді. Бұдан бөлек біз тапсырысты жедел жеткізу үшін коммерциялық және қаржылық тұрғыдан тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр боламыз, – деді вакцина сатып алу барысын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вакцина сатып алудан бөлек, оны жеткізу, сақтау, тікелей екпе салуда да шешілмеген мәселелер бар. Өңірлерге тасымалданған вак­цина көлемі  ұлғайған соң, ем­ха­налардағы қоймалар мен мұздатқыш құрылғылардың жетіспеуі мүмкін, шприцтер де қажетті мөлшерде сатып алынбаған. Мемлекет басшысы вакцинация ісін созбалаңға салу  жай ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет екенін, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты екенін баса айтты.

– Сондықтан бұл жұмыс төңі­регіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Алексей Владимирович, дәл осы уақыт аралығында Денсаулық сақтау министрі Үкіметтегі ең негізгі тұлға екенін бұған дейін сізге айтқан болатынмын. Сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Жұмысыңызды тәп-тәуір бастап едіңіз. Бірақ кейін қарқыныңыз айтарлықтай бәсеңдеп қалды. Сәуір айында жағдайды күрт өзгертуіңіз керек. Өйтпеген жағдайда кадрлық шешімдер қабылданады. Ал оған сіз қуана қоясыз деп ойламаймын. Бұл – тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас Үкіметке қатысты мәселе, – деді Мемлекет басшысы.

Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек.

– Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақын­дарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қалып­тасқан жағдайдан шектеу шараларын қатаңдатпай, экономикаға аса көп салмақ салмай шыға аламыз. Ал біздегі шектеу шаралары мен рейдтер күткен нәтижеге жеткізіп отырған жоқ. Қайта әлеуметтік наразылыққа себеп болып тұр.

– Мониторингтік топтың жұмысы бизнесмендер тарапынан сынға ұшырап жатыр. Тексеру топтары өз жұмыстарын алалап, күмәнді жағдайда атқаратыны айтылады. Кей нысандар тексеруден көз ашпаса, ал кейбірінде тексеру мүлде болмайды екен. Жүйелі түрде, қасақана тәртіп бұзатын адамдарды ғана жазалау керек, – деді Президент.

Президенттің пікірінше, проку­ратураның жанынан рейдтер бары­сында орын алатын заң бұзушылық фактілері бойынша шағымдарды қа­былдайтын колл-орталық ашу керек. Ведомствоаралық комиссия әкімдермен бірлесе отырып, мони­торинг жүргізетін топтардың жұмысын реттеуі тиіс.

Президент Үкіметке зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес нысандары үшін салық­тың жекелеген түрлерін және төлем­дердің мерзімін шегеруді, салық және кеден қарыздарын мәжбүрлеп өтеуді уақытша тоқтатуды тапсырды. Аталған шаралар жаппай вакцина салу басталғанға және шектеулердің басым бөлігі тоқтатылғанға дейін жалғасуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың па­йым­дауынша, егер Үкімет жаппай вак­цина салу арқылы сәуір айында жағдайды жақсарта алса, мамырдың басынан бастап шектеулерді бір­тіндеп алып тастауға болады. Көп нәрсе тұрғындарға, соның ішінде, шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін азаматтарға вакцина салудың қаншалықты сәтті өтетініне байланысты болмақ.

– Мен елімізге мутацияланған штамдардың кірмеуі үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырған едім. Елімізге келетін азаматтардан ПТР-тесттің теріс нәтижесі қатаң түрде талап етілуі тиіс бола­тын. Алайда бұл тапсырмалар орын­дал­ған жоқ. Ақпан айынан бері ПТР зерттеулерінің қорытындысын алмаған әуе жолаушыларының саны екі есеге көбейген. 2020 жылдың қараша айында Қазақстанға келген ПТР анықтамасы жоқ азаматтардың үлесі 7,3% болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 27 процентке жетті! Нәтижесінде елімізде жұғу қаупі өте жоғары мутацияға ұшыраған үш бірдей штам расталды, – деді Президент.

Қазіргі уақытта дертке шал­дық­қандардың, ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың, өлімнің саны артқан. Дәрі-дәрмектер, меди­циналық бұйымдар мен жабдықтар жетіспейді. Жан сақтау бөлімдері 64 процентке ғана жабдықталған.

– Үкіметке және өңір әкімдеріне жан сақтау бөлімшелерін жабдықтау бойынша шараларды қабылдауды және оған бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларын жауапты ретінде бекітуді тапсырамын. Былтырғыдай жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді басқа стационарлардан алу жағ­дайларына жол бермеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жеке қорғаныш заттарымен әсіресе, медицина қыз­меткерлерін қамтамасыз ету, жеке қорғаныш заттарының тапшылығы немесе сапасыздығына жол бермеуді тапсырды.

Жиында белгілі болғандай, қа­зақстандық вакцина шығаратын зауыттың вакцина құю желісі 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосылады. Президент жиын соңында Қазақстан халқын вакцина салу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды. Барша қазақстан­дықтардың денсаулығы және материалдық игілігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<