«Кездесу мен қоштасу»

1392

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында 67-маусымның жабылуына орай Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» пьесасы желісімен «Кездесу мен қоштасу» қойылымы сахналанды. Қойылымның режиссері – Данияр Базарқұлов. Ол заманауи, аударма шығармаларды сахналап, қазіргі жастарды толғандыратын сұрақтарға жауап іздеуде. Володиннің пьесасы арқылы қазіргі жастардың сүю, үйлену, ажырасу сынды қоғамның үлкен әлеуметтік мәселесін көтерді.

Басты кейіпкерлер Катя мен Митя бір-бірін жақсы көрсе де тәкаппарлыққа салынып, ажырасуға бел буады. Ажырасқан күннің өзінде баратын жері болмағандықтан, бір пәтерде, әрі қарай бір-бірінің көзіне күйік болып өмір сүреді. Өйткені, соттың бір парақ қағазымен тағдыр шешілмейді, судьяның қол қойып, мөр басуымен махаббат өшпейді деген идеяны режиссер алға тартқан. Катя мен Митяның бастан кешкен оқиғасының қасында сегіз тағдыр мен ажырасқан жұптарды көруге болады. Оған мысал ретінде алынған Лавров, Козлов, Кирилашвили, Шумилов, Миронов, Бельяев сияқты бірнеше отбасылардың басындағы  ұрыс-керіс, дау-жанжал жанды ауыртады. «Сүймеймін», «мінезіміз жараспады», «көзіме шөп салды», «басқа әйелі бар», «ішеді», «соғады» деген сөздердің артында қаншама кездесулер мен қоштасулар жатыр.

Театрдың суретшісі Нұркен Қалымбетов сахнаны вокзал ретінде алған. Сахнаның төрінен көрермен залының ортасына дейін поездың рельстері жатыр. Бұл адамның тағдыры болса, вокзал – өз бақытын іздеп, кездесіп не қоштасып жатқан жандардың өмірі. Режиссердың өмірді вокзалға теңеуі дәл табылған метафора. Тіпті ажырасып жатқандардың рельстің екі жағында жүруінің өзінде үлкен мән жатыр. Олар енді бірге бола алмайды, әрқайсысының жолы бөлек. Судьяның сахна алдындағы арбасын поездың дауысына салып шығаруының өзі, жүріп жатқан өмірді, алдына келген қаншама тағдырларды суреттегендей. Ал, вокзалдың алаңында әнші жігіттің композитор Ғазизхан Шекербековтің әнін орындауы көтеріліп отырған тақырыпты тереңдетіп, көркемдігі жағынан ерекшелей түсті. Режиссер автордың идеясын нақты көрсету ниетімен ажырасудың түбі жалғыздыққа жеткізетінін көрсеткісі келді.

Қойылымның тақырыбын «Кездесу мен қоштасу» деп атауының өзі лирикалық сарын беріп, соңында жастарға үміт сыйласа да, терең ойға батырады. Адам үшін махаббат нені білдіреді, ол үшін отбасы құндылығы деген не? Адам бірнеше рет ғашық бола ала ма деген сұрақтарға жауап іздейді. Театрға келген көрермен бір күліп, бір жылап отырып кейіпкерлерге жанашырлық танытып қана қоймай, спектакльдің мазмұнын өз өміріне, жеке қарым-қатынасына түсіріп қарайды. Тұтас алғанда бұл спектакль – жастардың өнерi барынша айқын көрiнген туынды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<