Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті – бюджеттің кіріс бөлігін және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде кірістер департаменті жүйелі жұмыстар атқаруда. Мәселен, былтыр бекітілген мемлекеттік бюджет жоспары 102%-ға орындалып, қажетті қаржы артығымен өндірілді. Сәйкесінше, түсімнің өсу қарқыны артты.
Салықтық түсімдер бойынша республика көлемінде Қызылорда 6-орында, түсім қарқынынан 3-орынға табан тіреді. Бұл туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Әділбек Бекішев мәлімдеді.
– Біздің басты құндылығымыз – салық төлеушілер, ал мақсатымыз – салық төлеушілерге барынша қолайлы жағдай жасау арқылы сапалы қызмет көрсету.
Облыстың мемлекеттік кірістер органдары өткен жылы 656 836 мемлекеттік қызмет көрсетті. Электронды түрде 99,8%, қағаз түрінде 1 231 немесе 0,2%. Ал салық төлеушілердің санына келетін болсақ, облыс бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарына 12 774 заңды тұлға, 58 855 дара кәсіпкер тіркелген.
Өңірде 68 257 шағын және орта бизнес өкілі бар. Берешегі бар салық төлеушілердің саны 21,9%-ға азайған, – деді ол.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<