Кішкентай Пифагор

517

0

Фото: ашық дереккөз

Шардара қаласында кішкентай Пифагор өсіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыдан біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде есепке жүйрік баланың видеосы тараған болатын. Күрделі сандарды қосуды қиналмай-ақ ауызша есептеп жатқан оның әрекеті көпшілікті таң қалдырды.

Өзінің зеректігімен елді сүйсінткен төрт жасар Ислам Купбай Шардара ауданына қарасты Егізқұм елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған балғын бүлдіршіннің ерекше қабілетін байқаған достары қызық көріп бейне таспаға түсіріп алған. Ал, ол видео бірден әлеуметтік желі арқылы елге тарап кетті.

Ислам – отбасындағы төртінші перзент, үйдің кенжесі. Әкесі Канатбек Сайтмамбетов баласының бойындағы зеректігін атасынан дарыған болар деп топшылайды. Өйткені, Исламның атасы есепті «шемішкеше шағатын», мықты математик болған. Тегінде, қанында бар қасиет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әйтеуір біреуіне бақ болып қонары аян. Бұл сөзді анасы Гүлнар Канарбаевада құптап отыр.

Сондай-ақ, Исламның аға-әпкелері де кілең беске оқитын озат оқушылар сапында. Бәлкім, дарынды баланың есепке деген жүйріктігі, сол бауырларының күнделікті сабаққа деген қызығушылығынан туған болуы да мүмкін.

Қалай десек те, қаршадай баланың өжеттігі мен қырағылығы, ой жүйріктігі мен зеректігі жұртты әлі де таңқалдыру үстінде.

Ислам бүгінде балабақшаға барып жүр. Кей күндері әлдене жақпай қалса, бұртиып, өзіне «демалыс» жариялап алатын балалығы да жоқ емес. Онысы өзіне жарасады. Тілі 3 жасында кеш шықса да, қазір қатарластарының алды болып келеді.

Бүгінде Исламды ауылдастары «Есеп шығаратын бала» деп атап кеткен. Оның өзінен де аты-жөнін сұрасаң, дәл осылай жауап қатады. Арманы асқақ бүлдіршін болашақта үлкен математик болғысы келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<