Кітап қорына қосылған қазына

2816

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры жазушы, теледраматург, тележүргізуші Сұлтан Оразалының жеті томдық шығармалар жинағымен толықты.

Жеті томдықтың І томына көркем хикаялар мен эсселер топтастырылған. «Тұлғалар туралы толғаныс» атты екінші бөлімінде әдебиетіміздің алыптары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Аманжолов, І.Есенберлин, Ш.Айтматов, т.б. туралы көркем эсселер берілген. Кітаптың соңында белгілі ғалымдар З.Ахметов, М.Жолдасбеков, З.Серікқалиевтің әр кезде жазылған мақалалары С.Оразалының шығармашылығына кең талдау жасайды.

Шығармалар жинағының ІІ-томына «Шындық және көркемдік шешім» атты монография енген. Бұл еңбекте көрнекті жазушы Ғабдол Слановтың шығармалары жан-жақты талданып, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі сараланған. Сонымен қоса кітапқа шығармаларын орыс тілінде жазған көрнекті башқұрт жазушысы Ахияр Хакимовтың «Қостерек» романы Сұлтан Оразалының аудармасымен берілген. Соңында бірнеше көрнекті жазушылар мен ғалымдардың С.Оразалы туралы мақалалары топтастырылған.

ІІІ, ІV томдарына замандастары туралы әр кезде жарық көрген эсселері жинақталған. Кітаптың «Өнер өрісі» бөлімінде автордың мәдениет пен өнердің өзекті мәселелерін көтерген, әр жылдары жарық көрген мақалалары топтастырылған.

V томына орыс тілінде жазылып, түрлі газет-журналдарда басылған тіл туралы мақалалары енген. Сонымен қоса кітапқа көрнекті орыс жазушысы әрі баспагері В.Еременконың «Күткен таң» повесінің қазақша аудармасы берілген.

VІ томына телевизия туралы мақалалары, сұхбаттары, телепьесалары мен телесценарийлері топтастырылған.

Шығармалар жинағының VІІ томына «Қазақ зиялылары туралы антологиясы» сериясымен түсірілген бір топ деректі фильмдерінің сценарийлері топтастырылған. Сонымен қоса кітапқа башқұрт жазушысы Ахияр Хакимовтың «Қилы кезең» атты тарихи романының аудармасы мен бір топ қазақ жазушыларының С.Оразалы туралы пікірлері берілген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<