Көрме – көңіл көмбесі

1239

0

9 мамыр – Жеңіс күні және ҚР Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Абызбеков Әбілда Қырбайұлының «Дала үні» атты  шығармашылық көрмесінің ашылуы болды.

Көрменің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар  Көзейбаев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» ордені иегері Аманкелді Кененбайұлы, ҚР Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді. Өнердің нәзік иірімдерінен туындылар тоқыған қылқалам шеберінің еңбектерін жаңғырту, шығармашылығын дәріптеу – шараның негізгі мақсаты.

Көрмеге суретшінің 90-ға жуық кескіндеме туындылары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Суретшінің туындылары еліміздің көрнекті жерлеріне эпикалық үн қосқан дала сұлулығы мен өнер сұлулығын ұштастырған түрлі форматтағы пейзаждар, еңбегі ерен тұлғаларға арналған қанық түстермен көмкерілген портреттер және ұлттық тақырыптағы ізденістік еңбектерден тұрады.

Ол туған жердің түстік байлығын қанық жылы түстерді батыл қолдану арқылы кемеліне жеткізе сала білген. Ол сонысымен құнды, сонысымен құрметті.

Өнер иесінің шығармашылық еңбектері облыстық, республикалық музейлер мен жеке коллекционерлер қорында сақтаулы тұр.

– Өнер жанрының қай түрі болса да үлкен талантты, еңбекті қажет етеді. Оның ішінде қылқалам шеберлерінің түрлі бояу кескіндемелерін бір арнада тоғыстырып, үйлестіре білуі тазалық пен талғампаздықтың жемісі деп бағалар едім. Ал бұл тұрғыда Әбілданың әлемі шексіз сүйсіндіреді. Көрме арқылы жастарды өнерге, Отанды сүюге баули аламыз. Менің бүгінгі шарадан түйген маңызды ойым осы, – деді «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кененбайұлы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<