Көшелі мәселе көшеде шешілмеуі тиіс

707

0

Түп тамыры сақ пен ғұннан, оғыз бен көк түріктен бастау алатын қазаққа егемендік пен елдік, тәуелсіздік пен тұрақтылық – қастерлі ұғым. Көшелі тарих өр қазақтың жүрегі мен жадында, қаны мен генінде сақтаулы. Қазақ – ереуіл атқа ер салып, бес қаруын асынып, тәуелсіздік үшін соңына дейін күрескен ел. Сөйткен жұрттың бүгінгі ұрпағының бар мақсат-мұраты да тұрақтылық пен тыныштық болуы керек еді.

Бірақ осы елдің айрандай ұйыған ынтымағын бұзғысы келген арам­пиғыл­ды басбұзарлар мемлекеттің егемен­дігіне қауіп төндірді. Халықтың бейбіт шеру арқылы жеткізбек болған талап-тілегіне өздерінің жымысқы ойларын жасырды, сол арқылы жауыздығын жүзеге асырмақ болды. Халықаралық тер­рор­лық ұйымдар жүгірген аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын, көлемі жағынан әлемнің тоғызыншы тер­риториясы саналатын ұлан-байтақ Ота­нымызға көз тікті, жаулық мақсатын алға шығарды, террористік акт жасады. Құқық қорғаушыларды, әскерилерді атып, стратегиялық маңызы бар нысандар мен әкімдік ғимараттарға шабуыл жасауы бірнеше жылғы мықты дайындықтың нәтижесі екені көрініп тұрды. Әсіресе Алматыдағы ахуалды сөзбен бейнелеудің өзі қиын. Біздің сүйікті қаламыз – Қызылорда да озбырлардың шабуылына тап болды. Өткен күнге бүгінмен баға беру оңай. Десек те, тұтас елде дүрбелең тудырған қасіретті қанды оқиға талай олқылықтың бетін ашып берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті шешімдер қабылдап, елді аман алып қалды. Қазақты Құдай сақтады, терроршылардың ойлағаны іске асса, Қазақстанды екінші Ауғанстан етуі де ғажап емес еді. Мемлекеттік тұтастығымызға қатер төндіргендердің дегені болмады. Құқық қорғаушылар конс­титуциялық тәртіпті қалпына кел­тірді. Президент алғашқы сәттен-ақ өзінің халықпен бірге екенін айтып, бұл қиындықты да елмен бірге еңсеретінімізді жеткізді. Республика көлемінде төтенше жағдай енгізіліп, блок-бекеттер қойылды. Құқық қорғаушылар елдегі жағдайды өз бақылауына алды.

Күні кеше Парламент Мәжілісінің отырысы өтіп, Қазақстан Президенті елдің ендігі бағыты мен болашақ бағда­рының қандай болуы керектігін назарға салды. Республика Президенті тұтас елдің ту-талақайын шығарғысы келген­дердің жолы кесілгенін айтып, олардың әрекетін алдын ала дайындалған зұлымдық деп атады.

– Жыл басынан бері болған барлық жағдай бір тізбектің тармағы деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл – бірнеше жыл бойы алдын ала ұйымдастырылған зұлымдықтың көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл оқиға шындығында бір күндік немесе бір аптада ұйымдастырылған іс-әрекеттің көрінісі еместігі, болмаса қымбатшылыққа қарсы өз мүдделерін қорғауға ұмтылған бейбіт шерушілердің мақсат-мұраты еместігі анық. Лаңкестердің лаңы мен арандатушылардың әрекетінен мемлекетіміздің біртұтастығын кәсіби ұйымдастырылған сценарий бойынша бұзуға ұмтылғанын аңғаруға болады. Еліміз неліктен осындай ауыр қасіретке тап болды? себебі неде, салдары қалай болмақ? мұның барлығы терең талдауды қажет етеді. Осы талдаулардың басында идеология, мемлекеттік идеология деген ұғым тұрады. Кешегі оқиғалардан Отанға сүйіспеншілік, Отанды қорғау, Ұлттық патриотизм деген ұғымдардың әр қазақтың жүрегінде тұрмағанын аңғардық. Тәуелсіздіктің 30 жылында алақанымыздан сусытып алған қастерлі ұғымдардың бар екенін түсіндік. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ақыл айту, сөз тыңдау дегеннің мүлдем арзандап кеткеніне, аяқасты болғанына көз жетті. Біз бұл деңгейге дейін қалай төмендедік? Аяғын тәй-тәй басқан мемлекетімізге сыртқы саясаттың тигізген салқыны, дін бостандығы, гендерлік саясат дегендердің де пайда әкелмегені көптен айтылып жүр. Жалқаулықтың жағаға жармасып, масылдықтың миды жаулап алғаны да бүгін емес. Біз ұлт ұстанымына, отбасы институтына, отбасындағы ер-азаматтың абыройына мән бермегендігіміздің зардабы боларын білдік, білсек те алдын алуға ұмтылмадық. Жоқшылықтан ала дорбасын арқалап, нан тапқан аналардың ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырғанын көріп отырып үндемедік. «Ер шаппаған қамалды – қатын шапты, ер таппаған амалды – қатын тапты» деп отыра бердік. Кешегі күні көшедегі әйелдердің көп­тен бергі әрекетінің, яғни күштік құры­­лымның жағасына жармасып, ел тіз­гінін ұстаған әкім атаулыны құбы­жық­қа айналдыруының да өзіндік ролі болғанын аңғардық. Көргенін көңіл­ге түйетін кейбір жастарымыздың көкіре­гінде құрметсіздік қалыптасқаны айқын сезілді.

Ақиқатты жасырып қайтеміз, еліміздің ақпарат кеңістігі шындық пен өтіріктің ортасындағы ақпараттарға әлдеқашан толып қалған. Арзан атақ, жалған дәреже іздегендердің әрекеті осындай. Бұған апат, кісі өлімі, қайғылы оқиға секілді келеңсіз жағдайларды сүйінші сұрағандай ұрандата жеткізетіндердің әрекетін қосыңыз. Көпшілік назар сала бермейтін тағы бір қауіпті топтың бар екеніне мән бермей келеміз. Ол – оқиғаны жедел жеткіземін деп, өзін халық жанашырымын деп есептегісі келетін, желі қуған желкілдектер, өз ісіне есеп бермей елге теріс ақпарат тарататындар.  Атын атап, түсін түстемесек те, оқырман кімді айтып отырғанымызды жақсы түсінеді деп ойлаймын. Кешегі күні де осы топтың арандатушылық әрекеті ерекше байқалды. Жастарымыздың көпшілігі дүрмекке осы желіктірудің ықпалымен қосылды. Бұл жағдай бәрімізге сабақ болды. Ең бастысы, ақпараттық кеңістікті бос қалдыруға болмайтындығынан сабақ алып, нақты нәтиже шығаруымыз керек.

Ел басына күн туғанда қорған болуға тиісті кей азаматтардың дұрыс әрекет ете алмағаны өкінішті. Республика Президенті оларды да сынға алды. 

– Шетін жағдайда Қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік қызметтегі әскери қызметшілер абыроймен көзге түсті. Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ. Бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге айқассыз тастап кетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазір төрткүл дүниенің назары Қазақстанға ауып тұр. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде мұндай жағдай болған емес. Оның үстіне тұтас мемлекеттің тыныштығы бұзылады, тәуелсіздікке қауіп төнеді деген ой ешкімге келе қоймаған болуы керек. Бұл оқиға қай кезде де әрбір азаматымыздың Отан қорғауға дайын болуы қажеттігін ескерткендей. Қалай айтсақ та, біз бұдан сабақ алуға тиіспіз.

Парламент жиынында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы сын сағаты туғанда Отан үшін кеудесін оққа тосқандарға алғысын білдірді. Бірақ көптеген жас­тар­дың әскерге барудан қашатынын жеткізді.

– Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отан алдындағы әскери міндетін өтеу де – азаматтың қасиетті борышы. Мұны өзін осы елдің перзентімін деп жүр­ген­­дер жан-тәнімен түсінуі тиіс. Ота­нын шын сүйген адам ғана мемлекеттің на­ғыз патриоты бола алатынын естен шығармайық. Әскерде болған кезеңді құр кеткен, бос өткен уақыт ретінде санамау қажет. Үйде баламызға қалай пайда табу амалынан бұрын осыны айтқанымыз абзал. Шәкәрімнің: «пайда ойлама, ар ойла» деуінің түбінде де Отанға деген шексіз сүйіспеншілік жатыр. Бұл – бір жағынан адамды темірдей тәртіпке баулитын қадам. Қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, әскерге барған азамат тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын, тәртіпсіз ел болмайтынын санасына бекем тоқиды. Қазақтың әр баласы Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр атыраптың тыныштығын күзетуге ұмтылса, мемлекетіміздің әскери ахуалы күшейе түсетіні анық. Мемлекет басшысы ендігі мақса­ты­мыздың бірі ретінде еліміздің қауіп­сіз­дігін нығайту екенін нығырлап айтты.

– Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Террористік әрекеттердің соңы елді 90 миллиард теңгеден астам шығынға батырды. Әлі де есептеліп жатқандықтан, бұл сан өсуі де мүмкін. Өзіміз көрген бір ғана Қызылорданың өзінде 6 млрд теңге шығын бар. Ақпарат көздеріне сүйенсек, қаруланған бұзақылар тобы мемлекеттік маңызы бар 8 нысанға шабуыл жасап, ғимарат­тарды қиратып, өртеген. Құқық қорғау органдарының ондаған автокөлігі өртелді. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік нысан бүлініп, бизнес субъектілеріне келген шығын 400 миллион теңгеге жетіп қалды. Бұл ретте кәсіпкерлік және туризм басқармасына хабарласқандардың өтініші терең талданатынын да айта кеткен жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта келе, елдік мақсатты көздейтін көшелі мәселе көшеде шешілмеуі тиіс деген аталы сөзді жеткізгім келеді.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық

мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<