Компания құрметі

572

0

Қарттар күні қарсаңында «ҚазГерМұнай» ЖШС БК компаниясының  қолдауымен құрылған «АрдагерМұнайшы» қоғамдық қоры ардагерлерді жинап, оларға лайықты құрмет көрсетті.

Мен еңбек жолымды қатардағы электр дәнекерлеушісі болып бастағанмын. Сол салада ширек ғасырдай еңбек еттім, – деп өткен өмір жолын  еске алады ардагер Алтынбай Шермаханов. – 2003 жылы  осы компанияға электрик болып кіріп, он жылдай еңбек еттім. 2012 жылы 16 адам сый-құрметпен зейнеткерлікке шыққанымызбен, компаниядан қол үзген жоқпыз. Сол жылы «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қорын құрып, осы күнге дейін компанияның демеушілігімен  үлкен ұжымның бір бөлігі ретінде өмір сүріп келеміз. Компания басшылығына да, ардагерлер ұйымына да алғысымыз шексіз. Мұнда еңбек етіп, зейнетке шыққан әрбір жан ұмыт қалмайды. Біз, ардагерлер компания қолдауымен, қор жетекшісі Рәзия Қалжанқызының жетекшілігімен емдеу-демалыс орындарында тегін жолдамамен демаламыз, енді бірде еліміздің ірі қалаларына, көрікті жерлеріне, тарихи орындарына  сапарлап барып-келіп  жатамыз. Компания ауласынан жасалған «Ардагерлер аллеясында» демалып, оны көркейтуге атсалысамыз.

Айтса айтқандай, мұнда жасы жетіп, еңбек демалысына  шыққан әрбір жан бейнетінің зейнетін көріп отыр. Олар айтулы мерекелерде бас қосып, бір-бірін мерейлі жасқа жетулерімен құттықтайды, өткен өмір, еңбек жолдарын еске түсіріп, бір жасап қалады. Басқосуда  ардагерлер ұжымының төрайымы Рәзия Қалжанова осы жыл ішінде 24 ардагердің мерейлі жасқа жеткенін айта келіп, тілектестік білдірді.

Сонымен қатар мерекелік басқосу барысында зейнеткерлікке шыққан Василий Югай, Серік Маужанов және Жадырасын Оразымбетов ардагерлер қатарына құрметпен қабылданып, оларға арнайы сый көрсетілді.

– «Ардагер-Мұнайшы» қоғамдық қоры құрылған он жылға таяу уақыттан бері өз ардагерлерін әлеуметтік жағынан қорғау мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруда. Айта кету керек, сол уақыттан бері компания қоғамдық қор жұмысына үнемі қолдау білдіріп, көмек көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде ардагерлер демалыс орындарына барып, емделеді, көрікті қалаларға, тарихи орындарға туристік сапармен барып, мереке күндері сыйақы алады. Осы орайда бастауыш ұйымда есепте тұратын тоқсанға тарта ардагер атынан «ҚазГерМұнай» ЖШС БК компаниясының бас директоры Лю Шаою, оның бірінші орынбасары Мұрат Мұстафаевқа және басқарма мүшелеріне алғыс білдіреміз, – дейді қор жетекшісі Рәзия Қалжанқызы.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<