Күллі ізгілік кітаптан тарайды

356

0

Қызылорда қаласының «Қаламгерлер» аллеясында «Кітап FEST» кітап көрмесі мен сатылым акциясы өткізілді.

Облысымыздың 85 жылдығы мерекесі мен Қала күні аясында ұйымдастырылған шараға Алматы қаласынан «Мазмұндама», «Мұқаба» баспа үйлері, Түркістан қаласынан «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйі, Қарағанды қаласынан «Қасым» баспа үйі, Қызылорда қаласынан «Кітап ал» кітап дүкені, сондай-ақ, қызылордалық оқу орындары мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің барлық кітапханалары қатысты.

Кітап фестивалінің ашылуында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев сөз сөйлеп, бірқатар сала үздіктерін марапаттады.

Үздік оқырмандар қатарында Ж.Әлібаева, А.Оразәлиева, Г.Кенжәлиева, С.Базарбайұлы секілді оқырмандардың есімі аталса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасы «Үздік кітапхана» номинациясын иеленді. Ал Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкері А.Шәкиева мен қалалық А.Пушкин атындағы кітапхананың қызметкері М.Кежебаев «Үздік кітапханашы» атанды.

Мұнан соң «Алтын домбыра» сыйлығының үш мәрте иегері Мұхтар Ниязов  құттықтау сөз сөйлеп, жастарды кітап оқуға шақырды және өзінің жақында жарық көрген екі томдық айтыстар жинағын қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Рахметоваға табыстады.

– Дүние құндылығының барлық бастауы кітапта. Бүкіл жақсылық Жаратушының жер бетіне түсірген төрт кітабынан тарайды. Кітаптың қадірін осыдан-ақ ұғуға болады. Студент кезімізде оқуға құмарлығымыздан кітапхананың талай кітаптарын қайта өткізбей басы бүтін алып кетіп едік, енді солардың орнын толтыра берейін деп өзімнің жеке жинақтарымды әкеліп отырмын, – деді ақтаңгер ақын.

Мұнан әрі кітап көрмесі «Жыр толғаған Сыр елі» деп аталған ақындар мүшәйрасымен және әдеби-музыкалық мерекелік бағдарламамен жалғасты.

Нұрай Шалманның орындауындағы опералық әндер көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Жас оқырмандар Бексұлтан Санақұл, Виолетта Совет кітап туралы ақындар толғауын нәшіне келтіре оқыды.

Балалар кітапханасының бүлдіршін оқырмандары ертегілерден сахналық қойылымдар орындады. Мереке бағдары жас ақындар мүшәйрасымен жарасым тапты.

Қалалық мәдениет және спорт бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған бұл кітап көрмесі басқа шаралардан өзгерек болды. Азық-түлік жәрмеңкесінен кем түскен жоқ. Халықтың рухани байлыққа деген суымаған сүйіспеншілігі сезіліп тұрды.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<