Күміс жүлделі алтын қыз

462

0

Каратэ-до – жапондардың ұлттық спорты. Дегенмен, оған әлем жұртшылығының қызығушылығы жоғары. Бүгінде бұл спорт түрі біздің елде де қарқынды дамуда. Қазір ел намысын абыроймен қорғап жүрген каратэшілер қатары көп. Алыс-жақын шетелден олжалы оралып жатқан жерлестеріміз де баршылық. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында аталған спорт түрінен жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай күміс жүлде еншіледі. Осы орайда, Мөлдірдің өзімен ой бөлісудің сәті түсті.

Жерлестері Мөлдірдің спорттағы жетістігімен жақсы таныс. Әсіресе, Токио Олимпиадасында бақ сынаған сәтте Сыр елі тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Онда жүлделі орыннан көрінбесе де спортшының бағындырған белесі аз емес. Каратэден Әлем және Азия біріншілігінің сан мәрте жеңімпазы. Мұндай көңіл қуантарлық нәтиже оның тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығуының жемісі екені анық.

Жерлестері Мөлдірдің спорттағы жетістігімен жақсы таныс. Әсіресе, Токио Олимпиадасында бақ сынаған сәтте Сыр елі тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Онда жүлделі орыннан көрінбесе де спортшының бағындырған белесі аз емес. Каратэден Әлем және Азия біріншілігінің сан мәрте жеңімпазы. Мұндай көңіл қуантарлық нәтиже оның тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығуының жемісі екені анық.

Спортқа енді қадам басқан жас өренге Мөлдір секілді каратэшінің кәсіби жолы өнеге боларлық. Ешкім жетектемесе де өмір жолын таңдауға деген батыл қадам спортшыны жаттығу залына бастаған. Бала кезінен өзге қыз балалардай қуыршаққа емес, керісінше, көрші балалармен төбелесіп, доп теуіп, футбол ойнағанға бейім болыпты. Тіпті, үйдің маңынан спорт мектебінің ашылатынын естіген бойда қашан жұмыс істейтінін білу үшін күнде баруды әдетке айналдырады. Ал спорт мектебіне қабылданған соң жаттығуды жібермей, әр сайысқа тыңғылықты дайындалып отырған. Содан болар, каратэге әпкесі мен інісі де барғанымен соңына дейін қатысқан Мөлдір ғана екен. Айтуынша, бүгінде каратэ хоббидан өмірлік кәсібіне айналған.

– Жаттығуды бастағаныма небәрі үш ай болғанда алғаш рет Тараз қаласына жарысқа бардым. Додада жолым болып, II орын алғаным есімде. Ал шетелдегі тұңғыш сайысқа 2009 жылы жолым түсті. Ол – Пекинде болған Әлем чемпионаты. Ол сапарда да қанжыға майланып, II орын иелендім. Содан бері ешбір сайыстан жүлдесіз оралған емеспін. Тек ересектер бөлігіне ауысқан кезде кішкене қиналдым. Мен үшін 2021-2023 жылдар аралығы жетістікке толы болды. Бірнеше халықаралық жарыста топ жардым. Оның ішінде Португалияда II орын алсам, Мәскеуде I орын иелендім. Онан соң Париждегі жарыста топ жарып, Олимпиадаға жолдама ұтып алдым. Атап айтарлығы, Олимпиада ойындарына қатысып, марқұм жаттықтырушым Рүстем Батырханұлының арманын орындадым. Одан беріде Алматыда өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тақтым. Міне, биыл Қытайдың Ханчжоу қаласынан да күміс жүлдені иеленіп, олжалы оралып отырмыз. Жалпы спорттан алған тәжірибем, өмірлік сабағым жетерлік. Денсаулығыма да біршама зиян келді, – дейді каратэші.

Еске салайық, Мөлдір алғашқы кездесуінде гонконгтық қарсыласы Азия чемпоны Йе Тинг Цангтен айласын асырып, 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Онан соң екі дүркін Әлем чемпионы жапондық Михо Михараннан 6:5 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Әлем чемпионатының қола жүлдегері ирандық Сара Бахманиярды 5:4 есебімен тізе бүкітіріп, ақтық сынға жолдама алды. Алтын медаль үшін айқаста 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы тайпейлік Шиау Шуанг Гумен 5:5 есебімен тең түсті. Дегенмен, соңғы нәтижелі әдісті қарсыласы жасағандықтан, жеңіс Тайпейге бұйырды. Осылайша, Мөлдір қоржынымызға Азия ойындарының күміс жүлдесін салды.

Айтпақшы, бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 10 алтын, 22 күміс және 49 қола жүлде еншілеп, командалық есепте 11-орынға тұрақтады. Ал сырбойылық спортшылар 2 күміс, 4 қола жүлде алды.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<