Күретамыр көше көріктенеді

657

0

Президент 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруді тапсырды. Оны орындау үшін жол саласындағы мекемелер жұмысқа оң өзгеріс енгізуге кірісті. Айталық, облыс орталығындағы Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін Бейбарыс сұлтан көшесін реконструкциялау жүйелі жұмыстың басы болып отыр. Сондай-ақ, Н.Назарбаев даңғылынан дариядағы көпірге дейін де қайта жаңғыртудың қызу жұмысы басталып кетті.

Н.Назарбаев даңғылынан «Құмкөл» трассасына дейін жұмысты мердігер – «УАД» ЖШС жүргізуде. Техникалық қадағалаушы – «Алатау сапа құрылыс» ЖШС. Ал авторлық қадағалаушы – КБ «МұнайГаз Инжиниринг» ЖШС.

Бұл – ауқымды құрылыс. Қазіргі көлік кептелісінің көбеюіне байланысты осындай жұмыстар жүргізілуде. Біз жоспарлы жұмысты өз уақытынан ерте бітіріп, ел игілігіне табыстасақ дейміз. Себебі, қаржы мәселесі шешім тапқан. Жолдың сметалық құны 2 млрд 350 мың теңгеге, ал келісім-шарт құны 2 млрд 230 млн теңгеге жуық болып отыр, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов.

Бейбарыс сұлтан көшесін жаңғырту жұмыстары, ең бастысы, жүргізушілерді қуантып отыр.

– Жол жөндеу барысында жасыл желектің басым бөлігі сақталады. Ағаштар шабылмайды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жолдың бойына су жаңа аялдамалар мен заманауи жарықшамдар орнатылады, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.

Жолдың жаяу жүргіншіге де, көлік жүргізушіге де бірдей ыңғайлы болуы – мердігер мекемелердің басты межесі.

– Бұл – халық тығыз жүретін көше. Оған қоса, жол бойында қала көркін ашып тұрған ғимараттар бар. Сондықтан жол барынша кеңейтіледі. Қалаға енетін күретамыр жол болғандықтан, елге келген қонақтар да осы жолмен өтеді. Сол үшін де жол бойындағы барлық дүниелер жаңартылып, абаттандырылып, халыққа табыс етіледі, – деді Дархан Бақтияров.

Жол қатынасы ел экономикасын дамытуға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, жүк тасымалын ұлғайтуға, сондай-ақ халықаралық, елішілік қатынастың артуына айрықша әсер етеді. Бұл орайда облыс әкімінің батыл шешімдері жаңашылдық қалыптастырып отыр. Жөндеуден өтіп жатқан Бейбарыс сұлтан көшесі де осы тұрғыда елге үлкен пайдасын тигізбек.

Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты елді мекендердегі 236 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Оның ішінде 99 көшеге асфальт және 137 көшеге тас жол салу межесі белгіленген.

Айдар САЙЛАУОВ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<