Лондонда Палестинаны жақтаған шеру кезінде 100-ден астам адам ұсталды

459

0

Лондон полициясы сенбі күні 100-ден астам адамды қамауға алды. Олардың басым көпшілігі – Палестинаға қолдау көрсеткен шерушілерге шабуыл жасауды жоспарлаған әсіре оңшыл топтардың мүшелері, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Бір күн бұрын әсіре оңшыл топтар өз жақтастарын қарсы демонстрацияға қатысуға шақырды. Сенбі күні Лондон орталығында ұлтшылдар мен футбол бұзақылары, құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында қақтығыстар болды.

Полицияның болжамы бойынша Палестинаны қолдау шеруіне 300 мыңға жуық адам қатысты. Ал наразылық акциясын ұйымдастырушылар Лондон көшелеріне 800 мың адамды жинағанын алға тартады.

Бұл жолғы бесінші рет өткізіліп жатқан Палестинаны қолдау шеруі Бірінші дүниежүзілік соғыстың соғыс қимылдарын аяқтаған Компьендік бітімге қол қойылған күн – қаза тапқандарды еске алу күнімен тұспа-тұс келді.

Лондон полициясы премьер-министрдің, ішкі істер министрі мен бірқатар британдық саясаткерлердің соғыс ескерткіштерінің қорлануынан және тәртіпсіздіктің басталуынан қауіптенгеніне қарамастан, шеруге тыйым салған жоқ.

Шеру Гайд-парктен басталып, орталық әскери ескерткіштері маңынан өтті. Ұйымдастырушылар шерудің соңы ретінде АҚШ елшілігі ғимаратының жанынан таңдады. Сенбі күні тәртіпті сақтау үшін Лондонда 2000 полиция қызметкері кезекшілікте болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<