Маңызды жоба жалғасады

659

0

Күні кеше Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Аралдағы экологиялық жағдайды оңалту жұмыстары туралы мәлім етті.Бұл туралы ақпарат көздерінде хабарланды.

«2022 жылдан бастап «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің саласын қалпына келтіру жобасы қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 4 млрд 582 млн теңге. 2022 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, игерілді. Бұл қаражатқа арна түзетін және оны қоршайтын бөгеттер орнатылды. Сондай-ақ, «Қарашалаң-1», «Тұщы», «Сарытерең» су ағызу каналдарын экскаватормен тереңдетіп аршу жұмыстары орындалды» деп келтірді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, жоба биыл жалғасын табады. Оған бюджеттен тиісті қаржы да бөлінген көрінеді. Мұнда 2023-2025 жылдардың республикалық бюджеті аясында жобаны жалғастыру үшін 4 млрд 82 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 2023 жылы – 1 млрд 200 млн теңге, 2024 жылы – 1 млрд 623 млн теңге, 2025 жылы 1 млрд 258 млн теңге жұмсалмақ.

Дүниежүзілік банк бөлген гранттың арқасында Солтүстік Аралдың су көлемін 8 мың текше шақырымға ұлғайту көзделген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында толықтыра түседі.

«Қазіргі таңда Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді әрі қарай жақсарту үшін Дүниежүзілік банктен тартылған 1,5 млн доллар грантқа «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және өңірлік дамыту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол жобаның бір бөлігі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының жалғасы болып отыр» деп жазылған жауапта.

«СБ» ақпарат

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<