Медиация мақсаты – бітімгершілік

487

0

Медиация – татуластыру негізі. Қазір сот істеріндегі медиацияның маңызы өте зор, себебі дауды бейбіт реттеуге ықпал ету – сот ісін жүргізудегі тәсілдердің бірі. Азаматтар арасындағы даулы және шиеленісті жағдайларды медиация арқылы шешу мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамдағы қарым-қатынастардың тұрақтылығы сақталып, құқықтық сана артады.

Елімізде «Медиация туралы» заң 2011 жылы 5 тамызда қабылданды. Бұл заң азаматтарға мәселені шешу жолын таңдау еркіндігін, адам құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндігін қолдану, азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастыру, мәселелерді конструктивті диалог арқылы шешу сияқты зайырлы қоғамға тән мүмкіндіктер берді. Қаржы үнемдеуді былай қойғанда, медиатордың көмегімен мәселені бірнеше сағатта шешуге болады. Бұл – уақытты үнемдеудің де тәсілі. Себебі мәселені сотқа жеткізбей шеше алу – адам құндылықтары мен көзқарасын жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі, азаматтық қоғам қалыптастырудың, дамуының белгісі.

Қазірдің өзінде жаңа жүйенің қолдану аясы жыл озған сайын кеңейіп келеді. Елімізде медиаторлар көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе, отбасы мәселелерінде, тіпті, қылмыстық құқықтың кейбір салаларында кеңінен қолданыла бастады.

Жалпы, медиаторларды «Бітімгер» деуге әбден болады. Ел сыйлайтын, беделді, сөзге шешен ақсақалдар араласып, араздасқан екі жақты мәмілеге келтіріп, ауызша келісім мен айыбы болса төлетіп, бейбіт жағдайда мәселені шешеді. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бүгінгі күннің кәсіпқой медиаторлары іспеттес. Өзара дауласып, жанжалдасып қалған руларды, ауылдарды, әулеттерді бір-бірімен татуластырып, әділ шешімін шығаратын болған.

Дана халқымыз «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деп ұрпағын ынтымаққа, бірлікке шақырса, «Кешірімді бол» деп, ортақ мәмілеге келуге, бірлікке, бітімгершілікке үндейді. Бұл да медиация принциптері дала демократиясында кеңінен қолданылғанын айғақтаса керек.

                                    Әсел КАРБОЗОВА,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<