Медициналық мекемелерге оттегі концентраторлары табысталды

190

1

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ орталығындағы бірқатар медициналық мекемеге барып, дәрігерлермен кездесті.  Медицина қызметкерлерімен тілдескен шаһар басшысы емдеу мекемелеріндегі бірнеше мәселені назарға алды.

  Сонымен бірге қала әкімдігінің ұйымдастыруымен және кәсіпкерлердің қолдауымен 39,7 млн теңгеге алынған 1 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 15 оттегі концентраторы табысталды.

Аталған медициналық құрылғыларды алуға қолдау білдірген кәсіпкерлер: «Сәт-Сервис» ЖШС, «Бақ-Береке 2030» ЖШС, «Сапақ» ӨК, «Асанас-Дар» ЖШС, СК «МетПромМонтаж» ЖШС, «Нұр-Ай Ақжол» ЖШС, «Алтын Айдарлы» ЖШС.

Жаңа құрылғылардың ішінде 1 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 2 оттегі концентраторы қалалық ауруханаға берілсе, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының базасы 3 аппаратпен толықты. Облыстық балалар ауруханасына 5, «Ана мен бала» орталығына 5 жаңа құрылғы табысталды.

Қиын кезеңде қолдан келген көмегін беріп, өз қаражаттары есебінен демеушілік танытқан кәсіпкерлерге шаһар басшысы қала тұрғындарының атынан алғыс білдірді.

 ШаҺар басшысы одан кейін  медицина саласындағы мәселелерге назар салды. Мәселен облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Кушенова  өзі басқаратын емдеу мекемесінің реанимация бөліміне жөндеу жұмыстарының қажет екенін мәлімдеді. 12 орынға шақталған орталық 3 жылдан бері тек ағымдық жөндеуден өтіп келген. Алайда жансақтау бөлімі толығымен жаңалауды қажет етеді. Бұл мәселені қала әкімі демеушілік есебінен жақын уақытта шешіп беретінін жеткізді.

Айта кетейік, вируспен күресте аймағымыздың ерікті тұрғындары асқан белсенділік танытып, қауіпті кеселден арылуға үлкен септігін тигізіп келеді. Еріктілер қатарында кәсіпкерлер, құрылысшылар, мәслихат депуттары да бар.

Осындай жомарт жүрек, дархан көңіл жандарды қала әкімдігі игі іске ұйыстырып, вируспен күресте жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде аз уақытта  56,2 млн. теңгеден аса қаржы жиналып, аймақ орталығындағы емдеу мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Сонымен қатар пандемия кезінде 400 ден аса дәрігер отбасынан оқшауланып, белгіленген ғимараттарға орналастырылды. Бұл мәселеде де қала кәсіпкерлерінің қолдауы ерекше. Атап айтқанда «Қызылорда» қонақ үйі 110 дәрігерді жатын орынмен қамтамасыз етсе, «Бәйтерек» қонақ үйінен медицина қызметкерлеріне 49 орын ұсынылып, «Арбат» қонақ үйінде облыстық туберкулез диспансерінің 30 дәрігеріне орын берілген болатын. 

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер:
  • Облыстық перинаталдық орталығының
    ұжымы атынан үлкен Алғысымызды қала әкімі Налибаев Нұрлыбек Машбекұлына және де осы шараға атсалысқан кәсіпкер азаматтарға білдіреміз. Алла разы болсын! Жасап жатқан істеріңізге, кәсіптеріңізге береке берсин! Аман болыңыздар!!

Пікір жазыңыз