Жақында Сыр елінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қызылорда облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен дүбірлі рухани дода өтті. ХV республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу байқауының Қызылорда облысы бойынша іріктеу жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен 60 қари қатысып, бақ сынады.
Сайыста Сыр өңірінен бөлек, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары және бірқатар аудан-ауылдардан келген талапкерлер Құран Кәрімнің 10, 20, 30 парасы (толық) және мәнерлеп оқу аталымдары бойынша өзара сынға түсті.
Игі шарада арнайы сөз алған облыстың бас имамы Дастан қажы Жанасұлы жиналғандарды құттықтап, Құран Кәрімнің мұсылман өміріндегі орны мен маңызына тоқталды.
– Құран – Құдай сөзі. Алла Тағала: «Оқы! Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» дейді. «Құранның сөзі – қасиет» деген бабаларымыз. Алла Тағала адамзат баласына ең үлкен нығметтердің бірі ретінде өзінің кәләмі Құранды түсірді. Қасиетті Құран – оқылатын кітап қана емес, ол өмір сүрудің мәнін айқындайтын, адамды тура жолға бастайтын, жүректерді тазартатын, қоғамды ізгілікке жетелейтін мәңгілік бағдар. Құран – мейірімнің, әділдіктің, парасаттың қайнар көзі. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған Құран жарысы – аса сауапты бастама. Себебі, қасиетті Құранды оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді» деп, басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген, – деді ол.
Жоғары деңгейде өткен байқауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құран секторының меңгерушісі Серік қари Полатханұлы бастап, Сыр елінен шыққан қари, бүгінде республикалық «Нұрсұлтан» мешітінде еңбек ететін Шыңғыс Жаппарханұлы және бас имам Дастан Жанасұлы әділ төрелік етті.
Рухани доданың нәтижесінде «Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу» аталымы бойынша Расул Дадажанов жеңімпаз атанса, қалған ІІ және ІІІ орындарды Махмуджан Рахымжанұлы мен Шынболат Нұрислам өзара бөлісті. Аталған жүлдегерлер 300, 200 және 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтарға ие болды.
«Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу» кезеңінде Айдос Жолдас жеңіс тұғырынан көрінсе, Махмут Мырзахмет пен Ахат Молдин қалған орындарға тұрақтады. Бұл аталым бойынша оза шапқандарға 400, 300, 200 мың теңге қаржылай сыйлықтар табысталды.
Ал ең күрделі «Құран Кәрімді толығымен жатқа оқу» бойынша Нұртілеу Сейітқасым бас жүлдеге лайық деп танылды. Екінші орынды Диас Айтмахан, үшінші орынды Азамат Абжалов еншіледі. Оларға 700, 500, 300 мың теңге көлеміндегі сыйлықтар табыс етілді.
«Құран Кәрімді мәнерлеп оқу» бойынша жүлделі орындарды Бақберген Жарқынбекұлы, Наурыз Ізмағанбет, Бақдәулет Маратұлы иеленді. Ерекше дауыс пен қырағат иелеріне 200, 100, 70 мың теңге көлеміндегі сыйлықтар берілді.
Әр аталым бойынша жеңімпаз атанғандар қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтетін ХV республикалық байқауда Сыр елінің намысын қорғайды.
Айта кетейік, ауқымды жарысқа жергілікті кәсіпкер азамат Елдос Мүсірепов демеушілік етті.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ





