Мектеп жылыжайының өнімі

2459

3

Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің жанында шағын жылыжай бар. Өткен жылдан бері қияр өсірумен айналысқан мектеп ұжымы жуырда күзгі-қысқы айналымның алғашқы өнімін алды. Жылыжай жұмысына ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов жетекшілік етуде.

– Өткен жылы мектеп басшылығы тарапынан ұсыныс түсті. Бірден келістім. Себебі, бұл жылыжай өте қолжетімді бағада салынды. Шығын аз, есесіне таза табиғи өнім алдық. Негізгі мақсат – теория мен тәжірибені ұштастыру және біздің өңірде жылыжай жұмысын жүргізу тиімсіз деген тенденцияны бұзу. Бұл ретте үдеден шықтық деп ойлаймын. Голландиялық хайрот буданын тамыз айында ешқандай минералдық, үстеме қоректендірусіз еккенбіз. Жақсы өнім алынды. Алдағы уақытта қызанақ пен дәмдеуіш көк шөптерді егуді қолға аламыз. Сондай-ақ, мектеп жанынан жаз мезгілінде тағы да ашық алаңға егу жоспарда бар. Осындай игі істі қолға алған мектеп ұжымының жұмысына табыс тілеймін, –  дейді С. Қосанов.

Әңгіме барысында мамандар мен қолданылатын технология әдістерін де сөз еттік. Ғалымның айтуынша, бүгінде мектептің биологтары егу әдістерін үйренсе, олар кейін оқу­шыларды баулитын бо­лады. Дегенмен, маман тапшылығы бар. Өнім­дерді заманауи технология – тамшылатып суару әдісімен егуде.

– Келешекте барлық мектептердің жанында осын­дай жылыжай бо­луы керек. Бірақ бұл  үлкен мәселе болып тұр. Егер осындай бастамалар көбейіп, өнім саны артса, оны әрі қарай өңдеуге болады. Қазір технология жеткілікті, бастысы – ниет, – дейді ол.

Расымен, жылыжай салып, одан өнім жинаудың мектептер үшін маңызы зор. Біріншіден, мектеп асханасының ас мәзірі адам денсаулығына пайдалы, ешқандай қоспасыз өскен таза өніммен толығады. Екіншіден,  оқушыларды еңбек етуге баулып қана қоймай, олардың сабаққа деген қызығушылығын оятады. Сондай-ақ, мұ­ғалімдерге  де сабақты практикамен ұштастырып өткізуге мүмкіндік туады. Сондықтан,  жылыжай жобасы дұрыс жолға қойылса, жақсы нәтиже берері сөзсіз. Мектеп директоры жылыжайдан көл-көсір пайда таппаса да, мектептің қажетіне жарайтын өнім алып отыруды көздеуде.

– Бір жылда 2 рет өнім алуға болады. Мұны бастаудағы мақсат – қол­данбалы ғылымды дамыту, дуальды оқыту тех­нологиясын жүзеге асыру, мектеп асханасын таза өніммен қамтамасыз ету. Алға қойған мақсат көп. Ендігі жерде ашық алаңға ерте пісетін жеміс ағаштарын егіп, тәжірибе жасайтын боламыз. Осын­дай оқушылардың тә­жірибе жинақтауына мүм­­кіндік берген, жылы­жай­­дың ашылуына де­меу­шілік жасаған кә­сіпкер Әліби Бекжановқа алғыс білдіргім келеді, – дейді мектеп директоры Бек Тумурзаев.

 Қалай болғанда да, мектеп бастамасы көпке үлгі. Елімізде көкөністердің сырттан келетінін ескерсек,  жылыжай ісін қолға алып қана қоймай, оны жолға қою бүгінгі күннің қажеттілігі екенін көрсетіп тұрғандай.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<