Мемлекет басшысы ядролық медицина орталығына барды

638

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасына барып, жаңа нысандар – Ядролық медицина орталығы мен емдік-диагностикалық блокпен танысты.

Президентке алдымен қыркүйек айында ашылатын Ядролық медицина орталығының диагностика блогы таныстырылды. Бұл орталық іске қосылған кезде диагнозын қою қиын қатерлі ісік ауруларын, сондай-ақ кардиология және неврология ауруларын ерте кезеңінде анықтай алады. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа орталықтың қызметі – емделуге жолдама берілген әрбір қазақстандыққа ортақ.

Бұл орталықтың ерекшелігі – қазіргі кезде әлемдік медицина индустриясында қолжетімді позитронды эмиссиялық компьютер томографиясы. Сканерлеу жылдамдығы жоғары бұл аппарат диагноз қою сапасын жақсартады. ПЭТ/КТ зерттеуінен өтетін пациенттердің санын жылына 3 мыңнан 7 мыңға дейін арттырады. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл аппараттың Орталық Азия мен ТМД елдерінде баламасы жоқ.

Президент дәрігерлермен және ғалымдармен пікірлесіп, Ядролық медицина орталығының қызметі бүкіл еліміз үшін айтулы оқиға болатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев орталық қызметі азаматтардың денсаулығын жақсартуға және қазақстандықтар үшін заманауи медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыруға қызмет ететініне сенетінін жеткізді.

МИНИСТР ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТЫЛДЫ

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды.

Бұл ретте Президент Жарлығымен Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы болып тағайындалып, ол Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<