Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әрбір азаматтың міндеті

273

0

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік рәміздерді насихаттау, геральдика белгілерін жетілдіру жөнінде республикалық семинар өткізілді. Оған облыстағы басқарма мен инспекциялардың жауапты мамандары, қала, аудан, кент пен ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысып, өзара құнды деректермен, зерттеулермен танысып,  тәжірибе алмасты.

Алдымен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов сөз алып, аймақта мемлекеттік рәміздердің заңдылықтарға сәйкес қолданылуы мен орналастырылуы, оларды насихаттау мен құрметтеуге бағытталған іс-шараларға тоқталды.

– Облыстық қоғамдық даму басқармасы аймақта мемлекеттік рәміздердің заңдылыққа сәйкес қолданылуы мен орналастыруына бақылау жасайтын өкілетті орган. Басқарманың жанынан құрылған инспекциялық топ жылына екі рет зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылы бұл топ облыстағы 392 мемлекеттік мекемеге зерделеу жүргізіп, 49 мекемеде кемшілік анықтады. Оның 25-і дер кезінде қалпына келтірілсе, 3 мекеме басшысына әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл әлі де мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен орналастыру заңдылықтарын тиісті деңгейде білмеудің нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар басқарма Рәміздерді насихаттау мен құрметтеуге бағытталған іс-шараларға да тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Былтыр облыс көлемінде 358 шара өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қамтылды, – деді.

Семинарға министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова қатысып, мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен орналастырылуына қатысты заңдылықтар туралы хабарлама жасады.

– Біз мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Ол заң жобасы мәжілістің тыңдалымына ұсынылды. Енді білім беру ғимараттарының сыртында және басшылардың кабинеттерінде, ҚР аумағында орналасқан акционерлік қоғам, жекеменшік компания басшыларының кабинеттерінде, ғимараттарының сырттарында мемлекеттік Тудың болуы міндетті. Кейінгі енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік рәміздерді неғұрлым көбірек қолдануға рұқсат берудеміз. Бұрын мемлекеттік Туды ғимараттар мен тұрғын үйлерге ілудің нақты ережесі болмайтын. Биылғы заңнамада оның барлығы қамтылып, стандартын көрсеттік. Әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік Туды өзінің жеке үйіне немесе көпқабатты тұрғын үй балконына қоюына құқылы. Барлық спорттық шараларда, оқу жылының ашылуы мен жабылуында көтеріледі. Ол кезде міндетті түрде Гимн орындалады. Заң бойынша мемлекеттік рәміздер элементтерінің бейнесін бір реттік қолданатын заттарға пайдалануға тыйым салынады, яғни брендтік тауарларға оны қолдануға болмайды. Спорттық киімдерге, оқу құралдарының сыртына немесе күнделікке пайдалануға рұқсат берілген, – деді Гүлдана Мәлікқызы.

Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің ғимаратының сыртында орналасқан рәміздер түнгі уақытта жарықтандырылуы шарт. Ал тұрғын үйлерде ол міндеттелмейді. Осы тұста толығырақ айта кетсек, мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады. Мемлекеттік Ту оның көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс екенін ескерген жөн. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік Туды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Гүлдана Мәлікқызы осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласының бір тұрғыны Головкинді қолдау мақсатында өз балконына Туды іліп, жауапқа тартылғанын еске салды.

– Өздеріңіз білесіздер, астаналық тұрғын балконына Туды іліп, оған айыппұл салынғаннан кейін көп азаматтар Туды жеке үйде қолданудан қаймығып қалды. Негізі тұрғын үйлерде Мемлекеттік Туды қолдануға болады. Бірақ, Туды тесіп, жыртып немесе шегемен қағып, ілуге болмайды.

– Мемлекеттік Ту тек бір жағдайда ғана төмен түсірілетінін ескеру керек. Ол аза тұту жарияланған қаралы күнде ғана төмен түсіріледі, егер Ту ағашқа байланған болса, шешіп алынады. Ол тек бір тәулікке ғана жарияланады. Ал Мемлекеттік Туды азаматтар көліктеріне қолданса, тек ішіне ғана орната алады. Көліктің сыртына тек Ел президентінің хаттамалық рұқсатымен президентті алып жүретін кортеждердегі көліктерде ғана қолданады. Ең бастысы – Мемлекеттік рәміздерді қолданғанда ұлттық стандарттарға сәйкес ережені ескерген абзал. Елтаңба мен Туды аяқасты етуге жол бермеу – еліміздің әрбір азаматының борышы. Тудың құлағаны – елдің құлағаны деп білсек, еліміздің амандығын, айбынының асқақтауын тілеп, Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарайық, – деді Гүлдана Мәлікқызы.

Семинарда мұнан бөлек, Елтаңба мен Гимнге қатысты да бірқатар ақпараттар айтылып, оның қолданылу заңдылықтары түсіндірілді. Қатысушылар мемлекеттік Тудың сапасына, оны шығарушы және жеткізуші компаниялардың жұмысына қатысты сауалдарына тұшымды жауап алды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<