Ми тамырына күрделі ота жасалды

1826

0

Белгілі қазақстандық нейрохирург, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары, жерлесіміз Мыңжылқы Бердіходжаев көпбейінді облыстық ауруханада шеберлік сабақтарын өткізді. Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында дәрігерлер ми тамырларына күрделі оталар жасады.

Рентгент-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің операциялық үстелінде бұрын инсульт алған науқас. Бір айдан кейін ми тамырларының аневризмасы бар 54 жастағы ер адам көпбейінді облыстық ауруханаға қайта түскен. Бұл қауіпті жағдай екенін айтады дәрігерлер. Аневризманың қабырғасы жарылып, миға қан төгілу қаупі бар.

Науқас аман қалды. Ісінген тамырдың, аневризманың қуысына микроспираль орнатылды. Ота кезінде науқас ояу болды. Жергілікті анестезиямен санының артериясы арқылы катетер енгізіліп, ми тамырына микроспираль жеткізілді.

– «Алтын сағат» ережесі бар. 8-10 сағат ішінде науқастың өмірін сақтап қалуға, ми бөліктерінің қайтымсыз зақымдануын болдырмауға болады. Бірақ, өкінішке қарай, пациенттер көп жағдайда бір күннен кейін келеді. Алғашқы белгілері байқалған кезде КТ, МРТ, ангиографияға тексеруден өту керек. Олар МӘМС аясында сақтандырылған пациенттерге тегін, – дейді көпбейінді облыстық аурухананың нейрохирург-дәрігері Қанат Нәбдинов.

Жалпы бұл күні дәрігерлер бас миының әртүрлі патологиялары, оның ішінде ісіктері бар 8 науқасқа ота жасады. Бұл қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қолжетімді.

– Мұндай оталарды шұғыл жағдайларда да, жоспарлы түрде де тегін жүргіземіз. Ми тамырларына оталардың құны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатынан шамамен 6 млн теңгені құрайды. Бұған стенттердің құны, хирургтардың, жабдықтардың жұмысы кіреді. Мысалы, көрші елдерде мұндай ота 15 мың доллар тұрады, – дейді жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаев.

Былтыр облыста жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша 97 ота жасалды. Оған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 628,5 млн теңге бөлінді. Биыл жалпы сомасы 668 млн теңгеге 98 ота жасау жоспарлануда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<