«Міндеттеріміз ауқымды, жоспарымыз айқын»

381

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Аймақ  басшысы журналистерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясындағы Қызылорда облысының даму бағдарын таныстырды. Сыр жұртшылығы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған еліміз үшін аса маңызды саяси реформаларды жүзеге асыруда жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткенін атап өтті.

– Ел Президентінің, Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірімізде тың жобалар жүзеге асуда. 2023 жылдың 4 айында облысымызда әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығының өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі  2,4, сауда көлемі  2,5, инвестициялар тарту 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі  44 пайызға артты, – деді облыс әкімі.

Қызылорда облысының бюджеті биыл 593 млрд  теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 205 млрд 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артық. Бюджеттің 64 пайызы (378,6 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталған.

Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері қордың сарқылуы салдарынан мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайды. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 10,5 млн тонна, ал  2022 жылы  4 млн тонна болды. Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде зерттеу жалғасуда. Сараптама қорытындысы 2024 жылы анықталады.

– Шикізатқа тәуелділікті азайту мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды қолға алдық. Индустрияландыру аясында өңірде құны 607 млрд 700 млн теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл  6300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Атап айтсақ,  жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы («Қармақшы құс» ЖШС), 36 мың тонна бие сүтін өңдейтін цех («Айғасар» ЖШС), 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты («Казах камел» ЖШС), 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты («Арал кварц» ЖШС).

Былтырғы қазан айынан бері облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты нақты жұмысын бастады. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам (сомасы 4,5 млрд теңге) өніммен қамтамасыз етті. Биылғы 4 айда 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республика өңірлеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда. Шыны зауытының жанынан 32 млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады. Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі атап өткен ірі жобалардың бірі – «Шалқия» кен орнындағы тау-кен байыту комбинатының (235 млрд теңге) құрылысы биыл басталады. Бүгінде Еуропалық Қайта құру және даму банкі платформасында тендер өткізілуде.

Сондай-ақ «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. 2022 жылы кешенде 454 тонна, ал биылғы 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп (аммоний метаванадаты мен ферромолибден), Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Биыл құны 13 млрд 400 млн теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Атап өту қажет, біздің аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді (409,5 млрд теңге, 1-орын). Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады.

Экономиканы алға тартушы күш – шағын және орта бизнес. Облыста оны  дамытуға басымдық беріліп отыр. Мәліметтерге қарағанда, 2023 жылдың 5 айында кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 1700 жобаға қолдау көрсетілді.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 млрд 600 млн теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бірлікті құрап, 33%-ға ұлғайды. жұмыс жасап тұрған субъектілердің саны 39,2%-ға ұлғайып, 72,1 мың бірлікті құрады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5%-бен 1 млрд 300 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5%-бен 3 млрд теңгенің 454 жобасына жеңілдетілген несие беріледі. Қосымша 19,5 млрд теңгеге салалық министрлікке 2756 жоба ұсынылды. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталуда, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өз баяндамасында халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 2022 жылы өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалды (жоспар 4587). Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға тұрақтады. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету жоспары бар. Өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жетті, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды. Оның 16 мыңға жуығы – жаңа жұмыс орындары, тұрақтысы – 6952 немесе 36,6%, уақытшасы – 12055 немесе 63,4%.

Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі салаларының бірі екені белгілі. Табиғи-климаттық жағдайға байланысты егіншілік саласы суармалы егіске негізделген. Биыл егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайтылып, 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде.  Бүгінде облыста 265,3 мың гектар суармалы жер болса, оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктер.

Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында малазықтық дақылдар көлемі 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 222 гектарға, негізгі дақыл – күріш көлемі 5400 гектарға ұлғайды.

Әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға ынталы тұрғындарға өткен жылы арнайы жер телімдері дайындалып берілген еді. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 5488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді.

Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр диқандарын мемлекеттік қолдау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алу келісілді. Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 млрд 200 млн теңге қаралды. Нақтырақ айтсақ, 6000 тонна көлемінде ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд теңге бөлініп, облыстағы 4 шаруашылық «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан келісім-шарт арқылы қаржы алып, оны көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтерге жұмсады.

Украина ғалымдармен бірлесіп, өңірде демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына байланысты тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы әртараптандыру бағытындағы дақылдардың (соя, күнбағыс, жүгері, бидай), күріштің бірнеше сорттарын тәжірибе ретінде енгізу.

– Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі өзен суымен тікелей байланысты. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 8 млрд 500 млн текше метрге азайып кетті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды біз Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз. Мемлекетаралық келісімнің нәтижесінде, өткен жыл ішінде теңізге 816 млн текше метр су келсе, биылғы жылдың 5 айында 1 млрд 600 млн текше метр су түсті.

Мемлекет басшысының қолдауымен өткен жылдан бастап, құны 4 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асуда. Оған 2022 жылы 500 млн теңге, 2023 жылы  1,9 млрд теңге бөлінді. Жоба келесі жылы аяқталады. Нәтижесінде, «Көкарал» бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалыптасады,– деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы 157 мың гектар жер қайтарылды (жоспар – 150 мың гектар, орындалуы – 104%), биыл 200 мың гектардан астам жер  қайтарылады.

Былтыр қайтарылған 157,1 мың гектар жердің 19,6 мың гектары (оның ішінде 2022 жылы – 8,1 мың га, 2023 жылы – 11,5 мың га) шаруашылық жүргізуге табысталып, қайта айналымға енгізілген.

Нұрлыбек Машбекұлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы ауылдарды дамытудың басым бағыттарын айқындап бергенін айтты. Тұжырымдама аясында облыс көлеміндегі ауылдық аумақтарға биыл 17 млрд 100 млн теңге (2022 жылы – 9,9 млрд теңге)қаржы бөлінді. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуда.

– Осы жұмыстарға тұрғындарды ынталандыру мақсатында биылдан бастап облысымызда «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Конкурсқа облыстық бюджеттен 467 млн теңге бөлінді. «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациялары бойынша жеңімпаздарды тәуелсіз сарапшы комиссиялары анықтайды. Конкурс нәтижесімен жеңімпаздарға 14 техника табыстайтын боламыз. Бұдан бөлек, қаланың жеңімпаз шағын аудандарына қосымша скверлер мен спорттық алаңдар салып, көше-аулаларға жарықтандыру жұмыстарын жүргіземіз. Конкурсты жыл сайын өткізу дәстүрге айналады. Келер жылға конкурс өткізуге 530 млн теңге бөлінеді деп күтілуде, – деді Н.Нәлібаев.

Өңірде тұрғын үй саласын, инженерлік-инфрақұрылымды дамытуда да оң нәтижелер бар. Облыс көлемінде 31 млрд 400 млн теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 30 үй (93 мың ш.м., 1430 пәтер) халық игілігіне табысталады. Облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 36 271 адам тіркелген.

Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасына жеке тоқталып өтуге болады. Бағдарлама аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Бұған жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаражат бөлінді.

Облыс халқының 98,1 пайызы, яғни 230 елді мекеннің 198-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда. 

2023-2026 жылдар аралығында «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасына 12 млрд теңге қарастырылуда.

Облыс әкімі атап өткендей былтыр 6 ауылдық елді мекен «көгілдір отынға» қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл 12 ауылдық елді мекен газдандырылғанда, қамту деңгейі 75 пайызға жеткізіледі.

Адам өміріндегі маңызды инфрақұрылымдардың бірі – әрине, жол. Өңірде жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі өткен жылы 82 пайызды құрады, биыл 87 пайызға жетеді деген жоспар бар. Бұл мақсатқа биыл 38 млрд 100 млн теңге қаржы қаралды.

Аймақ үшін өзекті әрі маңызды жоба – Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы. Аталған жолдың біздің өңірдегі ұзындығы – 216 шақырым. Осы жылы 140 шақырымнан астамы аяқталады деп күтілуде.

– Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасын орындау мақсатында аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаваттық жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы іске қосылады. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылуға, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Облыс орталығындағы көптен бері күрмеулі болып келген мәселе  жолаушылар тасымалы еді.  Қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 жаңа автобус алынып, маршруттарға қосылды. Алдағы қыркүйек айына дейін тағы 150 автобус алынады. Бұл аймақтың бас шаһарындағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешуге жол ашады.

Облыс әкімі әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге тоқталды. Денсаулық сақтау саласында өткен жылмен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші 12%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 33%-ға, жарақат, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім 41%-ға, сәби өлімі 44%-ға, ана өлімі 48%-ға төмендеген.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Биыл Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 36 млрд 400 млн теңге болатын нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады. Құны 2 млрд 700 млн теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылы беріледі.

Қызылорда қаласында жаңадан 200 төсектік перинаталдық орталық салынады. Қазір жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Облыста 179869 (мемлекеттік – 172625,  жеке – 7244) бала білім алуда, оның 8210-ы биыл мектеп бітірді. Түлектердің 7421-і (90,4%) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда.

Жылдағы дәстүрмен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Осы жылы жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 10 лагерьде (7 мемлекеттік, 3 жеке) 8 мыңнан астам балалардың демалысы ұйымдастырылады. Демеушілердің қолдауымен 3000 өрен еліміздің алдыңғы қатарлы лагерьлерінде тынықпақ. Бұдан бөлек, 96 мың бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде демалады.

Президент бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде 21 мектептің құрылысы салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

– Өткен жылы Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде білім саласының мәселелері де көтерілген. Нәтижесінде бірқатар ұсынған жобаларымызға қолдау білдірілді. Соның негізінде, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы, құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын мектеп-интернат құрылысы басталды. Осы тізімге облыс бойынша тағы 1775 орынға лайықталған 4 мектептің қосымша құрылысын енгіздік, – деді облыс әкімі.

Қосымша құрылыстар жөнінде таратып айтсақ, олар – №101 Ә.Мүсілімов атындағы мектепке, №2 «Абай» мектебіне, Жезқазған трассасы бойында 600 орынға, Шиелі ауданы Байсын ауылында 250 орынға лайықталған. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университеті мен Қорқыт ата университеті арасында меморандумға қол қойылды.

Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір жоба Қызылорда қаласының сол жағалауында «Көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» болатын. Үкімет басшысы ұсынысты қолдап, республикалық маңызы бар спорт ғимаратының құрылысы биыл басталады. Жоба құны 6 млрд 900 млн теңге.

Оған қоса 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының заманауи стадионы да бой көтереді.

Биыл облыс орталығында құны 1 млрд 600 млн теңгені құрайтын «Неке сарайы», құны 3 млрд 700 млн теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 975 млн теңгеге заманауи талаптарға сәйкес жаңа автовокзал салынуда. Ол  жыл соңында ел игілігіне пайдалануға беріледі.

«Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірлесіп Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырғаны белгілі. «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Сыр елін көркейтуге үлес қосуда.

Туған жердің жанашырлары қолға алған және атқарған жұмыстарды атап өткен облыс әкімі игі бастамаларға қолдау білдірген жерлестерге аймақ халқы атынан алғыс айтты.

– Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 30 млрд 100 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Терминал 2024 жылы мамырда ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1 млрд 500 млн теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Жақында, тамыз айында пайдалануға беріледі. Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд теңгеге орталық алаң жаңғыртылады.

Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.

Демеушілердің қолдауымен Арал ауданы Тоқабай ауылында апатты мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңасы салынуда. Ол алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында демеушілік есебінен құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды.

«Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы осы жылдың шілде айында басталады.

Президентіміз жариялаған «Балалар жылы» аясында аймағымыздың демеушілері 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салды.

Өткен айдан бастап демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығында 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен жаңартылуда.

1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда, яғни, заманауи спорт алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда, – деді Н.Нәлібаев.

Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген мәжілісте экономикалық саясаттың 8 нақты бағытын айқындап бергені белгілі. Алдағы міндет – осы бағыттарды нәтижелі жүзеге асыру арқылы өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру.

Одан әрі облыс әкімі «Сыр елі – жыр елі» атанған аймақтың қазақ мәдениеті мен руханиятындағы орнына тоқталып, өңірдегі өнер мен мәдениет салаларының жаңалықтарын айтты.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды жерлесіміз «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялағаны белгілі. Қайраткердің туған жерінде мерейтойлық шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер байқауы, Кеңес Дүйсекеев атындағы әншілер конкурсы биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтті.

Жақында облыста симфониялық оркестр құрылып, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жұмысын бастады.

Бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта жасақталуда. Алдағы уақытта қазба жұмыстары кезінде табылған сақтардың «Шірік-Рабат Алтын адамы» мен Алтын Орда кезеңіндегі «Сығанақ ханшайымының» қалпына келтірілген мүсіндері жасалады. Биыл мәдениет, әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығы табыстала бастады.

– Алдымыздағы міндеттеріміз ауқымды, жоспарымыз анық. Сыр өңірінің өркендеп, даму жолында, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда қарқынды жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Еліміздің еңсесі биік, халқымыз аман болғай! – деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.

Баспасөз мәслихатында аймақ басшысы республикалық, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<