Мөлдір – Әлем чемпионы

2655

0

Венгрияның астанасы Будапешттегі WKF каратэден Әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Байрақты бәсекеде 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз  Мөлдір Жаңбырбай ешкімге дес бермей, Әлем чемпионы атанды. Атап айтарлығы, Мөлдір – спорттың осы түрінен ересектер арасында бұл атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ.

– Таяуда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдені қанағат тұттым. Алтын медаль үшін айқаста 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы тайпейлік Шиау Шуанг Гумен 5:5 есебімен тең түстім. Алайда соңғы нәтижелі әдісті қарсыласым жасағандықтан, жеңіс соған бұйырды. Бірақ сол жеңілістен соң, осы додада ел қоржынына алтын саламын деп өзіме уәде бердім. Жеңіске жету үшін жаттығу залында да жанымды салып дайындалдым. Арманым ұзақ күттірген жоқ. Екі айда екі жүлде жеңдім. Дегенмен, осы жеңістің орны бөлек. Ерекше қуандым. Осы жолда маған сенім артқан еліме алғысым шексіз, – деді ол.

Еске салайық, 50 келі салмақта 56 елдің таңдаулы спортшылары күш сынасты. Мөлдір алғашқы кездесулерінде Алжир мен Жапония және Словакия каратэшісін қапы қалдырса, жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы венесуэлалық Салазар Йоргелисті айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасаған. Ал ақтық сында тәжірибелі италиялық Эрминия Перфоттадан айласын асырды.

– Алғаш рет екі спортшымыз Әлем чемпионатының финалына шығып, бірі Әлем чемпионы атанды. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз Дархан Асаділовтің 2008 жылғы күміс медалі еді. Жалпы, ересектер арасында бізден Мөлдірге дейін WKF каратэден Әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында ғана жеңімпаздар бар еді. Мөлдірдің жеңісі – біздің еліміз үшін тарихи сәт, – деді WKF каратэден халықаралық дәрежедегі төреші, ұлттық құраманың бас бапкері Асқар Молдағали.

Айтпақшы, Мажарстанның бас шаһарында өтіп жатқан бұл Әлем чемпионатында каратэден Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Атап айтсақ, Мөлдірден бөлек, 60 келіге дейінгі салмақ бойынша Қайсар Алпысбай күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Әмірәлі әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншілеп, командалық есепте 5-орынға тұрақтады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<