Мұнай кеніштеріне зерделеу жұмыстары жүргізілуде

770

0

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша кен өндіру өнеркәсібіндегі шикі мұнайдың үлесі 91,5 пайызды құрады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының негізгі бөлігі «қара алтынға» тікелей тәуелді екендігін көрсетеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық индустриялды-иновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев аймақ экономикасының күре тамырына айналған мұнай-газ саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Облыс мұнайшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Аймағымызда алғаш Құмкөл кен орнының ашылуы Қызылорданың өнеркәсіптік аймаққа айналуына негіз болды. Сәйкесінше, өңірімізде мұнай-газ класстері қалыптасты. Сыр мұнайы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары облыс экономикасының дамуына серпін берді. Алайда соңғы 6-7 жыл ішінде мұнай өндіру көлемі қысқарды. Оған себеп қолданыстағы кен орындары табиғи түрде сарқылуы. Осыған орай, ел Үкіметінің қаулысымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, жергілікті жердегі Шу-Сарыс, Арал және Сырдария шөгінді бассейндерінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бүгінде өңірде мұнай өндірумен 10-ға жуық ірілі-ұсақты компания жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік әлеуметтік жобаларды қолдау мен жергілікті жерге ұдайы көңіл бөлуде. Жыл сайын аз қамтылған отбасыларға, отбасылық типтегі балалар ауылына қол ұшын созуда. Сондай-ақ дәстүрлі «Мектепке жол» акциясына мұнайшылар әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<