Облыстық тарихи-өлкетану музейі «Музей радиосы» тарихи-танымдық жобасын қолға алды. Жоба Сыр елінің археологиясы, тарихы, этнографиясы, музыкасы және таңғажайып табиғаты туралы қызықты ақпарат беруді көздейді.
Қазақстан музейлері арасындағы тұңғыш жобаның алғашқы хабарына айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязов қонақ болды. Жобаның «Музей қонақтары» айдарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филолог-ғалымы Күлшат Қамзаева, тарихшы ғалым Сағат Тайман, мәдениет саласының үздігі, қолөнер шебері Жәнібек Маханбет, тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры Виктор Зайбертпен сұхбат өтті.
– Музей тарихи жәдігерлерді сақтап отыратын қойма ғана емес, зерттеп-зерделеп, халыққа насихаттайтын ғылыми институт десек, Сыр өңірінің тарихы мен әдебиетінен, өнері мен мәдениетінен ғылыми дәйектелген мәлімет беретін бұл жобаның берері мол. Хабарларды облыс әкімдігінің, мәдениет басқармасының және тарихи-өлкетану музейінің YouTube, Facebook әлеуметтік желі парақшаларында көруге болады. Аудио форматта, подкаст түрінде де қолжетімді, – дейді жоба авторы Әйгерім Бекқұлиева.
Музейдің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері жобаның тұрақты қонағы болып, сұхбат беруде. Осы уақытқа дейін Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан ортағасырлық Жанкент, Кескен Күйік, Сырдарияның орта ағысындағы Сығанақ қалашығы туралы толық ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар, жарысқазан, асар, қазан шегелеу сынды ұмыт қалған салт-дәстүрлер насихатталды. Қызылорда қаласының ежелгі атаулары және географиялық орналасуы, облыс флорасы мен фаунасы, Арал тағдыры мен табиғаты жайлы мол мағлұмат берілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<