Музейдегі Абай мұрасы

1131

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тіл мерекесіне орай «Абай мұрасы музейде» атты дөңгелек үстел үйымдастырылды. Шараға «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов, №271 мектеп директоры Данабек Жақсылықұлы, өлкетанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмабай Байзақұлы қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – музей қорында сақталған қазақтың бас ақыны Абайдың өлеңдер жинағын талқылау. Өлеңдер жинағының қазақша тәржімасын  Жұмабай Байзақұлы жасауда. Бұл жәдігер 1982 жылы қорға өткізілген. Кітаптың иесі – ардагер ұстаз Мыната Қалдыбаев, 2005 жылы қайта жаңғыртылған. Содан бері музей қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың коллекциясы тізімінде сақталған.

Дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, түркітанушы  ғалым Серікбай Қосанов онлайн қатысты. Бұл кітап 1922 жылы «Қазан» баспасынан қазақтың жас ақыны Бернияз Күлеевтің жинақтауымен жарияланған нұсқа болуы мүмкін деген жорамал жасады.

Ж.Байзақұлының айтуынша, кітаптың кейбір беттері жоғалған. Жинақ ХІІІ бөлімнен тұрады. Кітаптың мазмұны төмендегідей:

«Масғұд» поэмасы, «Бөтен елде бар болса…» (1887 ж), «Ішім өлген сыртым сау…» (1887 ж.), «Болыс болдым мінекей…» (1889 ж), «Мәз болады болысың…» (1889 ж), «Білімдіден шыққан сөз…» (1889 ж.), «Біреуден біреу артылса…» (1890 ж), «Заман ақыр жастары…» (1890 ж), «Қайғы шығар ілімнен…» (1891 ж), «Бойы бұлғаң…» (1892 ж), «Антпенен тарқайды…» (1893 ж).

Мұнда Абайдың 66 өлеңі жинақталған. Соңғы бөлімінде А.Пушкин, И.Крылов, М.Лермонтов өлеңдерінің қазақша аудармасы жарияланған. Атап айтқанда «Онегиннің сыны», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Қарға мен түлкі» шығармалары.

Шара барысында өлеңдердің араб әрпінен қазақша аудармасын, кітапта сақтап қалу мақсатында көшірмесін жасатуға байланысты бірқатар ұсыныс айтылды. Бұл кітап әлі де зерттеуді қажет етеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<