Музейдегі бір күнім

1432

0

Қазақ елінде мақтаныш ететін киелі орындар жеткілікті. Атап айтсақ, Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенесі. Осындай қасиет пен тылсымға толы мекендердің ғасырлар бойы сақталып, біз сияқты жастарға мұра болғанына қуанамын.

Алайда кей кезде бұл орындарға бару уақытты және азын аулақ қаражатты қажет етеді. Оның орнына барлығын үнемдеп алысқа ұзамай-ақ өз қаламнан қасиетті мекендерді тануыма мүмкіндік көп. Осы мүмкіндікті маған тағылымы мол, әсері ерекше орын – музей  берді. 

Маған ғасырлардың куәсі болған жәдігерлерді көру, олардың тарихына үңіліп, дүниетанымымды толықтыру қатты ұнады. Сол себепті де музейге жиі барып тұрамын.

Қызылорда қалалық  музейінде көптеген іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Осындай шаралардың бірі әрі бірегейі – «Жас экскурсовод» жобасы жаңа бастама болды. Өзімді жаңа қырымнан шыңдауға мүмкіндік берген бұл байқау шарты бойынша келушілерге музейдің бірінші залын таныстыру маған жүктелді. Қуана келістім, себебі бұл – қаламыздың тарихын, батырларымыздың ерлігін, зиялы қауымның елі үшін жасаған еңбегін насихаттайтын зал.

Таныстырылым барысында көрермендер мәдени құндылықтарға толы жәдігерлер туралы деректерді қызыға тыңдады. Өзіме жүктелген міндетті алып шықтым. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынға ие болдым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, жақсы жетістікке жетуіме ықпал жасаған музей қызметкерілеріне алғысым шексіз.

Музей ой-өрістің кеңеюіне, ақыл-ойдың дамуына, туған жеріңді құрметтеуге тәрбиелейді. Сондықтан да ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықты білу, оларды насихаттау бізге артылған жауапкершілігі мол міндет деп есептеймін.

Қызылорда қаласы тарихы музейінің ұйымдастырған жобаларына сіздерді де қатысуға шақырамын! Өз тәжірибелеріңізді, мүмкіншіліктеріңізді сынауға мұндай игі бастамалардың тигізер шарапаты ерекше.

Жансая БЕРІКҚЫЗЫ,

қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Өлкетану» үйірмесінің мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<