Науқасты инсульттан аман алып қалды

668

0

29 қазан – Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Мамандардың айтуынша, инсульт жасарып барады, сондай-ақ, аталған ауруға күдікпен қайталап түскен науқастар да аз емес.

Қан қысымы 200-ге дейін көтеріліп, қатты бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, сол қол мен аяқтың жансыздануы белгілерімен көпсалалы облыстық ауруханаға қала маңындағы Абай ауылының 47 жастағы тұрғыны Алуа Омарова түсті. Науқас шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.

– Мен қан қысымымның жоғарылауына байланысты есепте тұрмын. КТ, МРТ зерттеулері барысында «Ми қан айналымының жедел бұзылуы» диагнозы қойылды. Емдеуден кейін денсаулығым біршама жақсарды. Дәрігерлердің арқасында екінші рет инсульттан аман  қалдым, – дейді ол.

Алуа 2020 жылы да жедел жәрдем арқылы инсультке күдікпен ауруханаға түскен еді.

Нейроинсульт бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Баешов дәрігерлер тобымен шұғыл ота жасады.

– Церебральды ангиография кезінде науқаста ми тамырларының қапшықты аневризмасы анықталды. Шұғыл түрде аневризманы эмболизациялау отасы жасалды. Бұл кезде сандағы артерия арқылы микроспиралдар енгізіліп, алшақтықты жауып, қан айналымы жүйесінен аневризманы эмболизациялайды. Содан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды, – деді дәрігер-невропатолог Әлия Тыныштықбаева.

Дәрігерлердің айтуынша, егер инсульт дер кезінде емделмесе, науқастың миына қан құйылып, комаға түсуі мүмкін.

Көпсалалы облыстық аурухананың нейроинсульт бөлімінде жыл басынан бері 1 142 адам ем қабылдаған. Осы мақсаттарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 343,3 млн теңге бөлінді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<