Облыс әкімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жастарымен кездесті

961

0

Университет жастары облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесіп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесу барысында аймақ басшысы №5 студенттік жатақханасы, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Бұл туралы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы хабарлайды.

Биыл білім алушылар дәстүрлі оқу форматына қайта оралды. Осы орайда, білім ордасында санитарлық талаптар сақталып, ғимараттар мен жатақханаларға тек «Ашық» қосымшасы арқылы кіру рұқсат етілді. Аймақ басшысы студенттердің тұрмысымен танысып, жатақхананы аралады.

«Университеттің №5 жатақхана ғимараты 400 студентке арналған. Қазіргі уақытта 390 білім алушы орналасты. Жатақхана бөлмелері 2-4 адамға арналып, қажетті материалдармен жабдықталған. Оған қоса, кітапхана және компьютерлік сынып,10 асхана, кір жуатын бөлме, арнайы жуынатын бөлмелер, теннис залы бар. Ал жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін жастар ұйымдары тәрбиелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге ықпал етеді. Студенттер үйінің ауласында спорттық ойындарға арналған алаң жабдықталған.Өткен жылы футбол алаңының сапасын жақсарту үшін күрделі жөндеу жүргізілді», – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің төрағасы-ректор Б.Кәрімова.

Жастармен кездесу барысында аймақ басшысы жатақханада санитарлық нормаларды қатаң сақтап, ауланы көркейту және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, өңір басшысы университет базасындағы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.

«Білім алушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында дене шынықтыру сабақтары спорт кешенінде шағын футбол, волейбол, жүзу, үстел теннисі сияқты спорт секциялары түрінде ұйымдастырылады. Оған қоса, жарыстар мен барлық деңгейдегі түрлі спартакиадалар өткізіліп тұрады. Ал, жүзу бассейніне келушілерді білікті нұсқаушылар мен медицина қызметкерлері бақылап отырады. Сонымен қатар, кешен қала тұрғындарына сабақтан тыс уақытта ақылы қызмет көрсетеді»,-деді «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінің директоры Алексей Абдулхасанов.

Сондай-ақ, басқосу барысында облыс әкімі «Кітап құрттары» клубының мүшелерімен кездесті. Клуб жетекшісі Талғат Меңдібаев студенттерге арнап Қорқыт ата университетінде қосымша курс та жұмысын бастағанын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<