Облыста 83,9 мың гектар жерге күріш егіледі

405

0

Сыр өңірінде күріш егу маусымы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев мәлімдеді.

-Биылғы жыл облысымызда 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде, дәндi дақылдар – 96,4 мың га, майлы дақылдар – 5,7 мың га, мал азықтық дақылдар – 73,7 мың га, қант қызылшасы 7 га, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері – 19,8 мың гектарды құрап отыр. Сыр елінің басты дақылы күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда күріштің көлемін 5,3 мың гектарға ұлғайту межеленуде. Облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілді. Құйылған 21,6 мың тонна күріш тұқымының бүгінгі таңда 20,4 мың тоннасы күріш тұқымы тазаланды. Минералды тыңайтқыштың 54,1 мың тоннасы сатып алынды. Егіс егу науқанына қатысатын 3979 ауыл шаруашылық техникасы толық жөндеуден өтіп, науқанға толықтай дайын. Биылғы көктемгі дала және егіс жұмыстарын жүргізуге барлығы 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. 1 литрі шаруашылықтарға 212 теңгеден берілуде. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауда. Биылғы науқаннан алатын өніміміз мол деп сенеміз,- деді Қайратбек Әубәкірұлы.

Биылдан бастап «Айсара» атты сорты айналымға енетін болады. Отандық өнімнің пайыздық мөлшері төмен болғандықтан келешекте «Айсара» түрінің үлес салмағын көбейту бағытында жұмыс жасалады. Біздің ғалымдардың шығарған жаңа «Айсара» сорты биыл 3500 гектарға егілетін болады. Сұранысқа ие, «Лидер» түрінің де тұқымын жаңалау мақсатында жұмыс жасалып жатыр. Келешекте толық отандық өнімдерді қолдануды жоспарлап отырмыз. «Айсара» және «Сыр сұлуы» түрлерінен көп үміт күтіп отырмыз,-деді Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС басқарма төрағасы Самалбек Қосанов.

@ Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<