Өлеңдегі өр болмыс

1958

0

Сыр елі шығармашылық өкілдерінің ортасында шоқтығы биік ақын, аймағымыздың талай жылғы тарихында қарымды қолтаңбасы бар қалам иесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлы биыл асқаралы 60 жастың асуына шығып отыр.

Бүгін ақын мерейтойын өзі еңбек ететін Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйі, «Сыр медиа» серіктестігі ұжымы, қаламдастары мен шәкірттері алғашқы болып атап өтті. Шын өнердің бағасын білетін, шығармашылыққа жаны құмар журналистер қауымы ақын Дүйсенбек Аяшұлының сан алуан тақырыпты шарпыған, өрнегі бөлек өлеңдерін оқып, тыңдаушыларын тебірентті.

«Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев сонау студенттік шақтан бірге келе жатқан сыралғы сыйластығы мен адал достығы тұрғысынан Дүйсенбек Аяшұлының адами болмысына биік бағалады. Тәңір сыйлаған талант иесінің туындыларында ешкімге ұқсамайтын ерек қолтаңбасы барын атап өтті. Осынау асқаралы асуында абыройы мен мәртебесі үстем болып, ойлы шығармалары оқырман жүрегіне жол табарына сенім білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты, Шәһизада Әбдікәрімов ақындық өнердің ауыр да абыройлы  жүгін арқалаған мерейтой иесі Дүйсенбек Аяшұлының табиғи талантына, азаматтық тұлғасына айрықша баға берді.

– Ақынға тән қалыпқа сыймайтын қасиеті бар, сондығынан да қазақ поэзиясындағы  қолтаңбасы өзгеше. Сыр топырағынан шыққан сүлейлер мұрасының сабағын үзбей, сөз қолданысына аса талғаммен қарайды. Әрбір туындысы өз алдына ерекше. Көненің көзінен көркем ой түйіп, ескіден қалған есті сөздерімен елең еткізеді. Жан дүниеңді жаңғыртады. «Өр ағыс» атты бір ғана кітабы оның позия әлеміндегі өзіндік орнын айшықтап берді, – дейді Шәһизада ақын.

Ақын шығармашылығы туралы ой-пікірін білдірген Шанжархан Бекмағанбетов Дүйсенбек Аяшұлы өлеңдерінің әр сөзі тасқа басқандай айқын, әрбір жолы зерлеп құйған өрнектей өзгеше әсерлі екенін айтты. Ал «Кәсіпкер келбеті» газетінің бас редакторы Жүзбай Таңырақбаев мерейтой иесімен қаламгерлік қызмет саласындағы көп жылғы сыйластығы жайында әңгімелеп, ағалық ақ тілегін жеткізді.

Поэзия кешінде Ғазиза Әбілда, Әзиз Батырбеков, Айжан Абдуллаева, Фариза Омарова, Биболат Сәтжан, Рыскелді Жахман, Ақтілек Бітімбай, Дина Бөкебай, Мөлдір Қалымбет сияқты әріптестері ақын өлеңдерін оқып, шығармашылық иесіне деген шынайы құрметін танытты.

Сыр елінің халқы Дүйсенбек Аяшұлын талантты ақын, қарымды қаламгер ретінде таниды. Аймақтың ата басылымы – «Сыр бойы» газетінде тілші, аймақтық тілші, бөлім басшысы, бас редактордың орынбасары болып көп жылдан бері жауапты қызмет атқарып келеді. Туған жері – Шиелі ауданының «Өскен өңір» газетінде, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде бас редактор қызметін абыроймен атқарып, қалың оқырманның құрметіне бөленді. Бірнеше мәрте облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы атанды. Қазақстан Журналистер және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі ретінде шығармашылық өлкеде қарымды қолтаңбасын қалдырды. ҚР Ақпарат саласының үздігі төсбелгісін иеленуі – осындай елеулі еңбегінің нәтижесі.

Ақынның 2003 жылы жарық көрген «Өр ағыс» атты жалқы туындысын оқырман жылы қабылдады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып, кейінгі толқын талантты жастардың шығармашылық тұрғыда шыңдалуына қолдау танытып келеді.

Халықтың қалтқысыз ықыласы болар, Қызылорданың Қадыры атанды. Қаламдас ағамызға алдағы уақытта да бақытты, баянды ғұмыр, шалқар шабыт тілейміз.

                                                                                          Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<