Өмір бойы жинаған қазынам

1197

0

Мен «Бар байлығым – кітабым» дейтін жанмын. Бағбанның бары да, нары да жайқалған жеміс бағы болса, менің өмір бой жинаған қазынам, жайқалған бағым да, барым да – кітаптарым.

Бағбан жеміс бағын адамдар үшін егеді. Солар үшін күтіп-баптайды. Жемісін соларға береді. Жеміс ағашын қадірлеңдер, бұтағын сындырмаңдар. Қалағандарыңша жеңдер, ысырап етпеңдер деген ниет бағбандікі.

Мен де сол бағбан сияқты кітаптарымды бөлісуге, таратуға бейіммін. Рухани азық, таусылмас рух алсын деймін жұрт кітаптан. Зейнетке шыққалы қаншама кітапты тегін тараттым, оның санын дөп басып айта алмаймын. Мың ба, онан да көп пе білмеймін. Әртүрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға, кітапханаларға, мектеп, аурухана, ауыл-аймақ, керек десе түрмелерге және жеке адамдарға үлестіріп келемін. Кітап таратқан 30-дан астам ұйым мен кітапханалардың тізімі қолымда. Қай жерге бармайын, мейлі демалыс үйі, санаторийге барсам да, өз кітаптарымды ала бару, тіпті құдайы-тойға барғанда да адамдарға кітап сыйлау қаныма сіңген әдет. Оқысын, іздегенін тапсын, көзі ашық, көңілі ояу қалыптан айырылып қалмасын деген ниет менікі. Қызылордадағы еңбекпен түзеу колониясына осыдан 5-6 жыл бұрын 55 кітабымды өзім арқалап апарып тапсырдым. Кітапхана қорына қосқан үлесім болсын деп.

Қадыр Мырза Әлі үйіне келген қонақтарды қапсыра құшақтап тұрып шығарып салады екен. Неге дейсіз ғой? Келген адам сұрамай кітаптарын алып бара жатыр ма деп тінтіп қалу тактикасы екен. Маған келген қонақтар қызыққан кітаптарын алып кетеді, сұрап алғандардың өзі бермей қойған кезі көп. Мейлі көрінген жерге тастамай, рухани жолға тұтынса оған еш өкінбеймін.

Айтайын дегенім басқа. Осыдан біраз жыл бұрын үйдегі кітап қорымды сақтау мәселесі үлкен проблемаға айналды. Әсіресе жөндеу жұмыстары кезінде ол біздің үйдегілер үшін қара аспан қиямет. Жаудай шүйлігеді. Байқаймын, көліктеріне салып алып, құлақ естімес, көз көрмес жерге апарып тастауға қайлы. Сонан қауіптеніп ондай кезде жер үйде тұратын құдамның үйіне апарып тықпалаймын. Жөндеу жұмысы аяқталғасын үйге қайта тасимын. Дегенмен кімге не айтасың? Кітабыма құрғақ, жайлы орын бер деп міндетсіне алмаймын ғой, кейде олардың күйі тайып кеткенін көріп ашынам.

Кітапқа да бала сияқты жарық, жылы жер керектей көрінеді. Бірақ қуыс, қараңғы жерден орын тауып берсе де, рахмет айтасың. Қатты уайымдадым, қатты қиналдым.

Сондай бір кезде қалалық моншада бір жігітпен таныстым. Келе-келе кездескен сайын жақындап сырласып, тіл табыса бастадық. Ақжарқын, көңілі де таза жігіт көрінді. Марқұм әкесі зағип болған екен. Өзі кәсіпкер. Жас кезінде футбол командасында атақты қақпашы болыпты. Сонан сөздің реті келгенде қандай кәсіппен айналысатынын сұрадым. Ағаш ұсталық шеберханасы, жиһаз шығаратын шағын кәсібі барын білдім. Мен өзімнің көкейімдегі қиналып жүрген кітап туралы жайымды жайып салдым. Кітаптарым әр жерде шашылып жүр. Бір сөре жасатсам ба деп жүр едім дегендей сөз айттым. Бірақ ол маған тіс жарып ештеңе дей қоймады.

Бір кездескенде «Аға, осы сіз қайда тұрасыз?» деп сұраған болды. Әңгіме сонымен тынған. Кейін келесі аптада үйге бір жігіт келіп тұр. «Мені тапсырмамен бастығым жіберіп еді. Кітап сөресін жасауға» дейді.

Сөйтіп ол бір бөлмемнен қажетті жерді белгілеп өлшеп сызып алып кетті.

Көп ұзаған жоқ сол жігіт құрал-сайманымен келіп, өзі дайындап әкелген ағаш сөрелерді орнатты. Күтпеген жерден сөйтіп мен үшін орасан зор сый жасады. Керемет қуанышқа кенелтті.

Бейтаныс азаматтың бұл ісі әлемде қайырымды адамдар көп деген қағиданы есіме тағы салғандай болды. Кітап сөреме қол созған сайын сол азамат түседі есіме. Бір тиын да алған жоқ. Іштей алғысымды жаудырып жүрдім. Телефонын да сұрамаппын. Онан коронавирус басталып, монша жабылып қалды. Артынша көзімнің көруі күрт кеміді. Кездесе алмадым. Ол інімнің аты-жөні – Нұрлан Әбуов. «Қайсар» футбол командасында көп жыл қақпашы болған, мықты, адамгершілігі асқақ жігіт екен!

Нұрлан, айналайын! Айналаң тек жақсы адамдар мен жақсылыққа толы болсын! Менің 4,5 мыңнан астам кітабым, сенің арқаңда болашаққа рухани азық болып қалады. Адал кәсібіңе мол нәсіп берсін. Сендей азаматтар барда жақсылық жасай береді.

Сағат Жүсіп

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<