«Өмір өрнегі» – өнегесі мол дүние

666

0

КСРО және ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Гиппократ» орденінің иегері Тұрғанбай Махановтың өмір және еңбек жолындағы оқиғалар мен деректі естеліктерінің жинағы осылай аталады. Кітап Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан шыққан.

Онда білікті дәрігердің Сыр медицинасының, жалпы емдеу ошақтарының тарихи дамуы, алғашқы буын қазақ дәрігерлерінің еңбектері жайлы құнды естеліктер баяндалған. Халық денсаулығын сақтау жолындағы қиын да жауапты міндетті атқаруда әріптестері мен замандастарының кісілік келбеті, қалтқысыз қызметі әсерлі әңгімеге арқау болған. Өңірдің денсаулық сақтау саласының өркендеуіне зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, есімі ел аузында жүрген дәрігер Тұрғанбай Махановтың ғибратты ғұмырбаяны туралы әріптестерінің жүрекжарды жазбалары жарияланған.

Кітаптың кіріспесі «О, тәңірім, бұл мен ғой» деп басталып, дәрігердің  өмір жолы, ел алдындағы мінсіз қызметі жайлы айтылған. Бұдан әрі «Ізгілік іздері», «Сүйенерім, тәңірім – халық болды», «Ардагер атану – Алланың сыйы», «Адам ісімен ардақталады», т.б бөлімдерде көрініс тапқан көңіл түкпіріндегі көркем әрі шынайы жазбалар оқырманды  ойға жетелейді.

Кітап авторының сөз басынан аз ғана үзінді келтірейік: «…Жыл сайын емес, ай сайын, күн сайын сан алуан өзгерістерге ұшырап жатқан бүгінгі қоғамда «Ертеңгі өміріміз қалай болар екен?» – деген алаңдаушылық жоқ емес. Ертең не боларын ешкім білмейді…

Адамның өмірге келуі, өмірден өтуі табиғи заңдылық деп жатамыз. Бірақ бұл фәни дүниеге келгенде «ол адам қалай келіп, қалай кетті?» деген заңды сұрақ бар емес пе?!

Тіршілікте бірге жүрген замандастарым азайып, қатар жүрген дос-жолдастарым дүниеден өтіп жатқанда көңілің құлазып, жолдың шетінде қалғандай сезінесің. Өрттен қалған шоқ-шоқ қамыстай әр жерде қалдық. Уақыт шіркін пырақтай жүйткіп барады. Барлық белестер артта қалды. Осыларды еске алып, маған да ой келді. «Осы мен тіршілікте не бітірдім, не істедім, артымда із қалды ма, жоқ па? Қалай, қандай өмір сүрдім?» деген сұрақтар алға жетелей бастады», – деп жазады ол.

Аңыз дәрігер, абыз ардагер Т.Махановтың бұл кітабы жалпы оқырманға арналған.  Оқиғасы өмірден алынған ойлы жазбалар өнеге өрнектерімен құнды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<