Өмір жолының өнегелі сөзі

2601

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Айналайын, Азаттық!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тұсаукесер жиынын белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас жүргізді.

– Кітаптың тілі шұрайлы, ұғынықты жазылған. Әсіресе, маған әлемдік саясатқа тікелей ықпал еткен тұлғалардың бірі Генри Киссинджер және пинг-понг саясаты туралы тарауы ерекше ой салды. Киссинджер АҚШ пен Қытай қарым-қатынасын реттеуде түрлі саяси айла-тәсілдер ойлап тапқан адам екен. Кітап осындай құнды естеліктерге толы, – деді Н.Мыңжас.

Сондай-ақ жиында облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов саналы ғұмыры ел Тәуелсіздігімен қатар өрбіген, бес салаға министр, үш өңірге әкім, Ресей секілді алпауыт мемлекетте елші, ҚР Президенті әкімшілігінің Басшысы болған автордың айтары маңызды екенін атап өтті.

– Кітап атауының өзінде философиялық тұжырым жатыр. Қазақтың айналайын деген сөзі сенің жолыңда менің жаным құрбан, сенің мұңыңды маған берсін дегенді білдіреді. Осы бір ғана сөзде жанашырлық, мейірім мен шексіз махаббат жатыр. Ойлап қарасақ, бұл сөзді өзге тілге аудару да, өзге ұлтқа түсіндіру де – қиынның-қиыны. Оны түсіну үшін қазақ болып туу керек. Ал азаттық сөзі – еркіндік. Азаттықтан айырылу – адамның да, халықтың да табиғи болмысына кереғар құбылыс. Азат халық қана әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына түсіп, тарих сахнасында сақталып қала алады, – деді Н.Байқадамов.

Мұнан соң саяси ғылымдар докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы кітаптың мазмұны туралы өз ойын ортаға салды. Кітапта автордың саяси қызметінде, өмір жолында бірге жүрген тұлғалар хақындағы жазбалары, Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің қалыптасуы туралы ойлары қамтылғанын атап өтті.

Сонымен қатар жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқырманға жол тартқан жаңа туынды туралы пікір білдірді.

– Әлемдік шығармашылық үдерісте мемлекет басқарған кісілердің, саясаткерлердің, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естелік жазуы – бұрыннан бар үрдіс. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилльдің «Екінші дүниежүзілік соғыс», АҚШ мемлекеттік хатшысы болған Мадлен Олбрайдтың «Мемлекеттік хатшы ханым», Жан Моненің «Шындық және саясат» сияқты ғұмырнамалық кітаптары оқырман сүйіп оқитын шығармалар қатарында. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Өттің, дәурен, осылай» атты ғұмырнамалық кітабы да кеңестік кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жағдайы, елдің өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген елеулі тұлғалар, орталықтың ұлттық республикаларға деген көзқарасы туралы мол мағлұмат беретін шежіре-тарих десек те болады. Әр жылдары басшылық қызметтерде болған Исатай Әбдікәрімовтің «Көп екен көргенімнен көрмегенім», Асанбай Асқаровтың «Тағдыр» атты еңбектерінде де өз дәуірінің шындығы автор көзімен суреттелген. Жақында ғана қолымызға тиген мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Айналайын, Азаттық!» атты естелік-эссесі – қазақ мемуаристика жанрына қосылған сүбелі үлес ғана емес, ғибратты, тағылымды, өнегесі мол, шынайы шығарма, – деді Б. Кәрімова.

Жиын соңында Көшербаевтар әулеті атынан Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев іс-шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. Қатысушылар «Елім деп соққан жүректер» тақырыбында жасалған арнайы кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге Көшербаевтар әулетінен тараған Елеу Көшербайұлы, Айтбай Көшербайұлы, Қырымбек Елеуұлы мен Жомарт Елеуұлының әр жылдары жарық көрген кітаптары, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары қойылған.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<