Өмірдің бақыты өткеннің құнында

915

0

Өркениет өмірдің барлық саласына дендеген заманда адам баласы ең қарапайым өмір талабы өз өзін танудан қағажу қала бастайтын секілді. Қоғамның қалыптасу жолын оқып-тоқымаған «дайын асқа тік қасық» ұрпақтың өсіп-жетілу қаупі де бар.

Осы бір шатқалдан шығаратын күш өткеніміздің бейнесіне байыппен қарау, олардың өнеге-ғибратын санаға сіңіру болмақ.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен өлкетанушы Тұрмағамбет Асановтың «Өмір-керуен» атты кітабының тұсаукесер рәсімі дәл осындай ойларды қозғады.

Ұзақ жылдар өлке тарихын зерттеумен айналысып келе жатқан қазір сексеннің сеңгіріндегі ағамыз Тұрмағамбет Асанов Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің өмір жолы жайлы «Өнегелі өмір» атты туындысынан кейін «Өмір-өзен», «Сырдан ұшқан сұңқар», «Ұрпаққа ұрпақ жалғасып», «Адам бір көшкен керуен» сынды бірнеше кітабын жарыққа шығарды. Бұған қоса, кеудесі сырға толы шежірешінің «Керейт ата ұрпақтары», «Көшеней керейт» деп аталатын  еңбектері де бар.

Жазушының өз өміріне қоса 57 жыл отасып келе жатқан жан серігі, ардақты ұстаз Мулиянова Күләш апайымыздың өмірдерегінен басталатын 29 баспа табақтан құралған бұл жинақтың өскелең ұрпаққа беретін тәлімі мол, танымы терең  дүние.

Бұл жайында сөз алған профессор Қазыбай Құдайбергенов, ардагер-ұстаз Жолдыбай Нұрымжанов, облыстық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлнәр Есқалиева, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық жоғары колледжінің директоры Бақытхан Әбдікәрімов, басқа да кісілер жан-жақты баян етті.

Ал, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов ғибратты кітаптың мазмұны туралы былай дейді.

«…Оны ағаның естеліктерінде баяндаған оқиғаларын оқи отырып, тәнті боласың. Сеялкаларды дұрыс себу нормасына қою, егін алқабында тұралап қалған, ешкім жылжыта алмаған тракторды шеберлікпен, біліктілікпен орнынан қозғап, жүргізу, моторы кеткен бульдозерді екі-үш күн жөндеудің орнына 5-6 сағатта жөндеп, іске қосу, бұзылған техникаларды түнімен сабан жағып, соның жарығымен жөндеп, жұмысқа дайындау, облыста бірінші болып бригадалар, өндіріс бөлімшелері арасында рациялық байланыс, диспетчерлік жүйе енгізу, ізденіп жүріп, сонау Қиыр Шығыстан – Петропавловск Камчаткадан өзімізде жоқ, қажетті бөлшектер тауып, алып келу, тағысын тағылар сияқты атқарылған жұмыстарды оқып отырып, қызығасың, риза боласың, тамсанасың. Өз ісіне деген неткен адалдық, берілгендік, тіпті жанкештілік дейсің. Ағаның сол кездегі тағы бір жаңашылдығын қалай айтпассың?! Кеңшарда механизаторлық курс ашылып, оған қыздар оқуға тартылады. «Қыздар – тракторға!» деген облыстық қозғалыстың көшбасында Тұрмағамбет аға тұрады. Оның осындай ізденімпаз, игілікті істері, жұмыс тәжірибесі кеңінен насихатталып, кеңшарда бірнеше рет облыстық семинар-кеңестер өткізіліп, облыстық газеттерде жарияланады. «Жаңаталап» кеңшары облыста, республикада, Одақта атағы шыққан алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналады».

Академик-оқырманның аз сөзі еңбек адамының болмысын танудың үлкен бақыт екенін мегзейді.

Ақиқатында, адам бақыты өткенін тану арқылы қонып, алға жетелейді.

 «Өмір-керуен» – көзі тірілерді дәріптеумен шектелмей, бүгінгі бейбіт өмірге жеткізгендерді де ұмытпауға, оларды ұлықтауға, сол арқылы адамгершіліктің тепе-теңдігін сақтауға шақырған шынайы шығарма есебінде құнды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<