Өмірге құштар көңілмен

2188

0

Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық  мәдениет үйінде  ауылдық округ әкімінің аппараты, Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Сырдария ауданының Құрметті азаматы,  «Тасжарған», «Тағдырымның жанары» атты кітаптардың авторы  Нұрмұхаммед  Әбілқасымовтың  шығармашылығына  арналған «Өмірге құштар көңілмен» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің  байқауы өтті.

Тағдырымен тайталаса жүріп жыр көгінде өз қолтаңбасын жазған өршіл ақынның өлеңдерін көрерменге көркемдеп жеткізу үшін ұйымдастырылған байқауға 13 талапкер қатысуға өтінім берді. 

Нұрмұхамед – Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, «Шабыт» жастар фестивалінің дипломанты, «Алтын қауырсын» номинациясының лауреаты, «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының иегері, шахматтан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыс жеңімпазы, облыс әкімінің стипендиаты, «Лукойл» компаниясының  грант иегері. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, өмірге соншалықты құштар, рухы биік азаматтың  жігерін, қиындыққа мойымайтын  қайсарлығын  үлгі ету үшін осындай іс-шара ұйымдастырылған. 

Сайыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен  бас жүлдені Зарина Оразалиева (Шіркейлі ауылы), І орынды Инабат Төребек (Шіркейлі ауылы), ІІ орынды Қырмызы Сүйінбек (Нағи Ілиясов ауылы), ІІІ орынды Фариза Жұматаева (Сырдария аудандық мәдениет үйі) иеленсе, қалған қатысушылар «Алғыс хатпен» марапатталды. Жетікөл ауылынан келген талапкер Аманқос Нұрсұлтанға Нұрмұхаммед ақынның арнайы жүлдесі табысталды. Сайыс соңында сөз алған Нұрмұхаммедтің әкесі, ардагер ұстаз Қанатбек Әбілқасымов байқауға қатысушыларға алғысын білдірді. «Мәді қажы» серіктестігі атынан ақынға арнайы ескерткіш сыйлық табыс етілді. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<