Өнегелі өмір өрімі

3346

0

Облыс орталығындағы «Жан-Арай» кешенінде соғыс ардагері, еңбек майталманы Болат Нұрсейітұлы мен әулеттің алтын діңгегі болған асыл ана Жаңыл Шәйімқызының туғанына 100 жыл толу құрметіне «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деп аталған еске алу шарасы өтті.

Шара облыстық ақындар мүшәйрасымен басталды.

Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын тіктеуге қиын кезеңдерде маңдай терін төккен Болат әке заманынан озық туған жан еді. Ол кісі қазіргі тілмен айтқанда, сол кездегі кәсіпкер-меценат болды. Кеңестік дәуірде осы өңірдегі ең бірінші екі қабатты үй тұрғызған Болат әкеге баяғы байларды тәркілеген бюрократтардың бұйрығы жүрмеді. Өйткені, ол дүние- малды өз еңбегімен тауып, бір ауылдың асыраушысына айналды.

1990 жылы Болат әке қайтыс болғанда ауыл қариялары «Болат қайтыс болды, енді бұл ауыл қалай күн көреді» деп жылады. Шын мәнінде көгендегі қойын жетектеп апарып көжеқатығы жоқ үйдің қорасына кіргізіп жіберетін ол әулеттің ғана емес, ауылдың әкесіне айналған-ды.

Ақындар осынау ерен өмірді айшықты жырмен өрнектей білді. Сөз сынында жас талант Ақжол Түменбай бас бәйге алып, қомақты қаржылай сияпат иеленді. Мүшәйраны тамашалаған жұрт Биболат Сәтжан, Назгүл Бердіқожа, Айдар Сайлауов, Ұлықбек Бекұзақұлы сынды сөз зергерлеріне ризалықпен қошемет жасады.

Еске алу шарасының басты көрінісі «Жастар театрының» «Жүрек қазығына байланған бақыт» атты монолог қойылымымен ашыла түсті. Артистер өткен дәуірлерді көпшіліктің көз алдына алып келді.

Мұнан соң шараға келген қауымға ауызашар беріліп, аруақтарға Құран бағышталды.

Алды сексенге келген әулеттің келіндері Болат әке мен Жаңыл ананың баннердегі бейнесіне иіліп сәлем салды. Кәделі табақтарды үй иелері тартып, келіндер алды.

Ас жөнінде 103 жасқа келген қарт, соғыс ардагері Яхия Тасыров былай деді:

«Бұл қазақтың салт-дәстүріне негізделген, Болат  ұрпағының ауызбірлігі мен ата-анадан алған тәлімін паш еткен ас болды. Әке Құдайдан ұл сұрағанда ізім қалсын дейді, балалары сол тілектің қабыл болғанын танытты».

Болмыстың өсиетпен қалыптасып, қасиеттің қанмен келетіні рас. Бір ауылдың көшесін кетпенмен аршып, ауыр жүгін иығымен көтерген Болат әкенің ұлы Қайрат Нұрсейітов бір шаруашылықтың жауапкершілігін мойнына алып, ел-жұртының әлеуметтік хал-ахуалын көтеріп келеді. «Ақжарма» ауылынан мешіт, дәмхана, дүкен, басқа әлеуметтік нысандар салды. Ауылды жасыл желекке бөлеп, әкесінің атына берілген аллея ашты. Оның туған жер туын еңкейтпеген еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденін омырауға тақты, Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанды.

Шара соңында сөз алған Қ.Нұрсейітов жалпы жұртшылыққа сөз арнап, бүгінгі күнге жеткізген ел ағаларына алғыс білдірді.

Біз әрбір перзент ата-анасына осылай құрмет көрсетсе, қасиетті кетірмей, өсиетті өлтірмей бойтұмар қылып тақса деген тілекпен қайттық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<