Өнер – тектінің тірегі

3590

0

Мән мен мағына жоғалған кезеңде бекзат өнерден жол көру, ой түю қоғамның адаспауының әдісі болса керек. Осы мақсатты мұрат тұтқан болар, облыстағы Жастар театры тағылымды бастаманы жүзеге асырып, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай этно-ретро концерт ұйымдастырды. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұлт мақтанышы туралы қойылым өтіп, 1936 жылы Мәскеу төріндегі қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі турасында сыр шертті.

Бұл концертте жүз жасаған Жамбыл, күміс көмей Күләш, сазды әуенімен сайын даланы тербеткен Нартай, мың бұралған Шара, сатираның сардары Асқар және күй анасы Дина секілді қазақ өнерінің талантты тұлғаларының болмысы бүгінгі буынмен қайта қауышқандай болды. 87 жылдан кейін Қызылордада қайта сахналанған қойылымда Темір нарком Жүргенов, сол шақтағы Одақ көсемі Сталин образдары көрермен көңілінен шықты. Әсіресе, онкүндікті жоғары деңгейде ұйымдастырған ұлт мақтанышы Темірбек Жүргеновтің образы терең ізденістен туындағаны байқалып-ақ тұр.

Ә дегеннен көрермен де, сала басшылары да қойылым деңгейіне оң баға берген. Салтанатты іс-шарада облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова Жастар театрын жаңа белесімен құттықтап, алдағы уақытта үлкен қолдаулар жасалатынын айтса, Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат өнер ұжымының кезекті қойылымына сәттілік тіледі.

Атап айтарлығы сол, ретро қойылымда сахнамен қатар, көрермен залы да ерекше безендірілген. Мұны көрген жұртшылық өткен ғасырға сапар шеккендей әсерде болды.

– Қойылым-концерт барысында ұлт мақтанышы, жерлесіміз Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігінің арқасында жүзеге асқан ерекше сапарда бірге болғандай әсер алдық. Бұл Жастар театрының жаңа биіктерге құлаш ұруының, шығармашылық әлеуетінің, артистердің деңгейінің өскендігін білдірсе керек. Тәуелсіздік үшін күресіп, ұлттың үкілі үмітін аялаған тұлғаларымыздың еңбегін ұлықтайтын осынау тағылымды шараның Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуі де өте жарасымды болғандай. Театр жұмысынан бөлек шаһардың қоғамдық өміріне, қала көлемінде өткізілген барлық мәдени шараларға қатысып, жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосып келе жатқан өнер ұжымына қашанда алғысым шексіз. Аймақ басшысының қолдауымен қалалық Жастар театры жақын күндері өз алдына еншісін алып, Теміржолшылар клубы ғимаратына орналасады, – деді қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.

Жастардың жалынды бастамасы қашанда қолдауға лайық. Көрермен шығармашылық әлеуетті ыстық ықыласпен өлшесе, қоғам белсенділері мен ел ағалары қолда бармен демеуге кіріскені байқалады. Мысалы, кеш соңында Т.Жүргенов қорының төрағасы, еңбек ардагері Сәпен Аңсат қор атынан керегесі кеңейген өнер ұжымына 500 мың теңге сыйақы табыстады. Оған қоса театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмахановқа шапан жауып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ерекше қойылымды сахналаған Жастар театрының артистеріне қала әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

Осыдан 7 жыл бұрын қалалық мәдениет бөлімі жанынан үйірме ретінде жұмысын бастаған Жастар театры бүгінде іргелі мекемеге айналды. Талантты буын өнер жанашыры Оңталап Нұрмахановтың қанатының астында жетіліп, жетекшілігімен біршама белесті бағындырып үлгерген. Енді аймақ басшысының қолдауымен өз алдына енші алып, кәсіби театр болып қайта ашылмақ. Нақтырақ айтсақ, талантты жастардың басын қосқан өнер ұжымы келер жылдан бастап ресми түрде жұмысын бастайды.

Өнерге де қолдау керегі түсінікті. Облыс әкімі театрға мүмкіндік беріп, жаңа белеске шығуға жағдай туғызуда. Жаңа мекемеде 32 маман қызмет атқармақ. Қазір актерлік құрам қайта жасақталып, шығармашылық ізденіске кірісті. Сәтін салса, өнер ұжымы «Король Лир», «Томирис» секілді тарихи туындыларды сахналауды жоспарлап отыр.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<