Өнерлі қыз, өнегелі жеңге

302

0

Ә.Мүсілімұлы  атындағы №101 мектеп-лицейде бастауыш бірлестігінің ұйымдастыруымен 4-сынып оқушылары арасында «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» атты сайыс өтті.

Сайыстың мақсаты – халқымыздың бойына ғасырлап сіңген ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, жақсы дәстүрімізді  жаңғыртып, ұлағатты қасиеттерді сіңіріп, үлгі-өнеге алуға, шыншылдыққа баулу. Ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу және жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Халықтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, өнегесін насихаттап, отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат еткен сайыс 5 бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімде қатысушылар өз-өздерін таныстырып, әділқазылардың жоғары бағасына ие болды. Келесі бөлім «Зерделінің ойы озық» деп аталды. Мұнда қазақтың салт-дәстүріне байланысты берілген сұрақтарға жауап берді.

Сайыстың үшінші бөлімі «Ата дәстүр – асыл қазынам» деп аталды. Онда қатысушылар өздері қалаған салт-дәстүрге байланысты қойылым қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал келесі бөлімде жеңгелер мен қайын сіңлілері үйден дайындап алып келген түрлі тағамдармен таңғалдырды. Әділқазылар тәттілерден дәм татып, өз бағасын берді. Соңғы бөлім «Жеңешем өрген бұрымым» деп аталды. Аталған бөлімде жеңгелер қайын сіңлілерінің шашын өріп, өнерлерін ортаға салды.

Халыққа деген құрмет оның салт-дәстүрін қастерлеумен бағаланады. Ал салт-дәстүр қатысушы арулар мен жеңгелерінің бойында қаншалықты деңгейде сақталғаны сайыс барысында көрінді. Дәстүрге сай киіну үлгісі, әдет-ғұрыптар мен салт-сананы танып білуі жан-жақты бағаланды. Қатысушы арулар қазіргі кезде ұмыт бола бастаған «Байғазы», «Босаға майлау» секілді салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды.

Сайыс соңында салт-дәстүрді сақтап, дәріптеуге атсалысқан қатысушылар арнайы номинацияларды иеленіп, Алғыс хатпен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<